|
Білімге құштар зағиптар үшін ғаламторға жол ашылды
|
ІТ-технологиялардың шексіз мүмкіндіктерін енді зағиптар мен көзі нашар көретін жандар да пайдалана алады. Астанадағы Назарбаев Университетінің кітапханасы жанарынан айырылған студенттері үшін Брайль дисплейі орнатылған компьютер сатып алып берді. Ол көзі көрмесе де, көкірегі ояу жандарға білім теңізіне шығатын қайық іспетті болмақ. «Талаптыға нұр жауар» деген халық нақылы біздің заманда 26 жастағы Зият Әбдікәрімовке арнап айтылғандай. Жас жігіт саясаттану мамандығын меңгеріп, Индиананың оқу орнында ағылшын тілін үйренген. Қазір Назарбаев Университетінде магистр дәрежесін алғалы жүр. Қатардағы студент үшін бұл үлкен жетістік болса, көру қабілетінен айырылған Зият үшін бұл – жеңіс. Тәлімгердің оқуға кемістігін білдіртпеу үшін оқу орны Брайль дисплейін сатып алған. Зият Әбдіқайымов, Назарбаев Университеті Жоғары білім мектебінің магистранты: - Мен қалаған уақытымда кітапханаға келіп, компьютер арқылы қажетімді таба аламын. Бізге Алматыдағы зағиптарға арналған кітапхананың мамандары келді. Олар осындағы қызметкерлерге компьютермен жұмыс істеуді, маған материалдарды Брайль шрифтінде ғана емес, электронды түрде де беруді үйретіп кетпек. Брайль – пернетақта емес, дисплейге орнатылатын құрылғы. Көре алатын адам монитордағы жазуды көзбен оқыса, зағиптар оны саусақпен сезіп түсінеді. Мәтін Брайль әліппесінің 8 таңбасымен жазылады екен. Асыл Жібеков, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың бөлім жетекшісі: - Монитор бетінде көрсетіп тұрған әріптердің бәрін бедерлі нүктелі қаріппен бізге көретіп тұрады. Сол арқылы ғаламторға қол жеткізе аламыз. Білімімізді ұлғайтып, ешкімнен қалыспай, толықтыра беруге зор мүмкіндік туып отыр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың талай өз еліне сіңіретін пайдасы бар деген ойдамын. Мамандардың айтуынша, бұл құрылғы 1 миллион теңге тұрады. Сондықтан оны кез келген жоғарғы оқу орны ала бермейді. Әзірге зағиптар үшін көкірек көзін ашатын құрылғы тек Назарбаев Университетінде тұр. Зияттың ұсынысымен енді оны көруі нашар басқа студенттер де пайдаланбақ.
Авторлары: Кәусар Аяпбергенқызы, Азиза Мақұлбаева, Наурыз Базаров