Батарейка көйлек «тігілді»
Батарейка көйлек «тігілді»
4 жыл бұрын 2307 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Швейцарияның материалтану зертханасының ғалымдары кәдімгі киімді портативті батарейкаға айналдырды. Ол үшін матаға арнайы люминесцентті материалды қосты. Бұл жайында islam.kz порталы шетелдік мерзімді басылымдарға сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ғалымдардың түсіндіруінше, жаңа құрылғылардың, соның ішінде смартфон, ноутбук, планшет секілді адам жанынан тастамайтын құрылғылар бірінен кейін бірі пайда болып жатқандықтан электрге деген қажеттілік артып келеді. Оның үстіне, адамдардың көбісі бір орнында отырмайды, қарбалас өмірдің жетегінде ұдайы қозғалыста болғандықтан өзімен бірге алып жүруге қолайлы қуаттаушы құрылғыларға да мұқтаж. Осындай себептермен ғалымдар электрді пайдаланушының өз көйлегінен өндіру жолдарын қарастырған екен. Тоқыма талшықтарына кіріктірілетін жаңа полимердің көмегімен киімнің кез келген түрін энергия көзіне айналдыруға болады екен. Люминесцентті материал қоршаған ортаның жарығын аулап, оның энергиясын нақты күн элементіне береді, ал ол өз кезегінде жарықты энергияға айналдырады. Десе де олар қатты компонент түрінде болғандықтан оны тоқыма өнеркәсібінде қолдану қиын, өйткені, икемді болмағандықтан ауа мен су буын өткізбейді. Пәнаралық зерттеушілер тобы мұндай бірнеше люминесцентті материалдарды полимерге біріктіре алған еді. Осының арқасында ол ауа өткізетіндей икемге келген болатын. «Бұл полимерді таңдап алуымыздың себебі сонда – ол бір-бірімен сыйыса бермейтін люминесцентті материалдарды нанодеңгейде біріктіре алады әрі оларды бір-бірімен өзара әрекеттестіре алады»,-деп түсіндірді ғалымдар. Осылайша жаңа күн концентратын тоқыма талшығында қолдануға болады, одан тоқыма қандай да бір сыртқы әсерге ұшыраса, бүліне қоймайды әрі су буы тер түрінде жинақталмайды.

0 пікір
Мұрағат