Астаналық студент су үнемдейтін озық технология ойлап шығарды (фото)
Астаналық студент су үнемдейтін озық технология ойлап шығарды (фото)
7 жыл бұрын 3352 Аян Бекенұлы

Елордадағы  Қазақ гуманитарлық заң университетінің студенті Қуаныш Өзбеков дәретхана суын үнемдейтін технология жобасын ойлап шығарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат»ХАА тілшісі.

Бүгін Астанада Хакатон - өнертапқыштардың форумы басталды. Заманның озық ойлы жастарының сайысы 2 күнге созылмақ. Оған қатысушыларға 48 сағаттың ішінде қаланың әлеуметтік мәселелерін шешу тапсырмасы жүктелген. Топ-топ болып бөлінген қатысушыларға атап айтқанда, күнделікті тұтынатын суды үнемдеу, қоқыстарды бөлу арқылы оларды өңдеп пайдаға жарату, құрылыс материалдары нарығындағы жұмыстарды жеңілдету секілді ноу-хау ойластырып шығару тапсырмасы берілген. Форумға астаналық 17 жастағы студент Қуаныш Өзбеков те қатысуда. Ол  «Toilet Tank bank» жобасын әкелген. Айтуынша, аталған жоба арқылы Астанада жылына миллиардтаған литр суды  үнемдеуге болады. «Менің идеям Астана қаласындағы суды үнемдеуге бағытталған. Бұл жоба ең алдымен дәретханадағы суды үнемдеуге арналады. Себебі, біздің есептеуіміз бойынша үйдегі суды ең көп тұтынатын орын әжетхана болып отыр. Мәселен, бір реттік суды ағызғанда 6-7 литр су кетеді. Ал шын мәнінде оған 4-5 литр су қажет. Ал қалған 2 литр далаға кетіп жатыр. 2 литр судың мөлшері аз болып көрінуі мүмкін, бірақ халқы1 миллионға жеткен Астанадағы әр үйден 2 литр су артық кетіп жатса, бұның өзі қаншама шығын екенін есептей беріңіз. Күніне адам әжетханаға 3-4 рет барады. Осыны ескерсеңіз, күніне миллиондаған литр су текке кетіп жатыр. Егер де осы технологияны енгізсек, халықтың және мемлекеттің ақшасы үнемделер еді. Дәретхананың су сақталатын құрылғының ішіне қойылатын шағын қаптың бағасы бар-жоғы 260 теңге. Демек, технология небәрі 1 айда өзін-өзі ақтайды», - дейді студент.  

 Астаналық студент су үнемдейтін озық технология ойлап шығарды

Қуаныштың айтуынша, аталған жобаға қытайлық компания қызығушылық танытып отыр екен. Қазіргі таңда бұл технологияның аналогы АҚШ пен Израиль елдерінде қолданылады. «Солардың тәжірибесіне сүйеніп, АҚШ-тағы әріптестермен сөйлестім. Олар да мен секілді жас жігіттер. Патент алу жағынан келіспеушілік болмайды. Келесі айда патентті алайын деп жатырмын. Астана қаласының әкімдігіне бұл идея ұнап отыр. Қала халқының саны жыл санап өсіп жатқандықтан, суды үнемдеу мәселесі өзекті деген ойдамын», - дейді Қуаныш Өзбеков. 

0 пікір
Мұрағат