Ақтаулық студент жарық беретін қондырғы ойлап тапты
Ақтаулық студент жарық беретін қондырғы ойлап тапты
7 жыл бұрын 3268

Ақтаулық студент Мейірман Үйсенов желден қуат алатын станция жасаудың шебері атанып жүр. 18 жастағы өнертапқыш таяуда қуаты 12 вольттық екі қондырғы құрастырып шығарды.

Бұл туралы stan.kz порталы 24.kz ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Олар электр желісі тартылмаған ауылдарға сатылған. Соның арқасында Мұнайлы ауданындағы екі шаруа қожалығы жарықпен қамтылып отыр. Қолжетімді материалдардан бір ай ішінде жасалатын стансаның құрылысына бар-жоғы 70 мың теңге қажет екен. Аккумуляторы желден қуатталған соң, қондырғы өздігінен ажырайды. Электр кернеуі азайса, қайта іске қосылады. Әрбір станса үш бөлмелі үйге үш тәулік жарық беруге қауқарлы.

Маңғыстау энергетикалық колледжінің озат студенті жақында «Жасыл энергетика» тақырыбында өтетін сайысқа қуаты 220 вольттық қондырғы жасап, ұсынбақ.

“Бұл құрылғы – шағын жел электр стансасы. Мұны қолымдағы, үйдегі бар құралдардан жасадым. Қазір кей жерлерде, малды ауылдар мен үйлерде тоқ көзі тартылмаған. Сонда қолданады. Бұл – үшінші жасап шығарылғаны. Алдыңғы екеуі ағайындарымда, ауылдарында тұр”, -дейді өнертапқыш Мейірман Үйсенов.

“Осы жылдың сәуір айында өткен «World Skills Қазақстан» чемпионатына облыс бойынша 12 бала қатысты. Сол 12 баланың ішінен біздің студентіміз Мейірман Үйсенов 3-ші орын алды. 2018 жылғы чемпионатқа осы баланы дайындап жатырмыз”, -дейді колледж оқытушысы Әбу Жайшыбеков.

0 пікір
Мұрағат