Антибиотик зиянды бактериялармен қатар пайдалы бактерияларды да жояды... Ғалымдар мұның да жолын тапқан секілді
Антибиотик зиянды бактериялармен қатар пайдалы бактерияларды да жояды... Ғалымдар мұның да жолын тапқан секілді
5 жыл бұрын 5698 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Біздің денеміз тек өзімізге ғана тиесілі емес екен – бактериялардың да мекені. Олардың көбісі біздің қалыпты өмір сүруімізге септігін тигізеді – пайдалы әрі зиянды микроағзалар арасындағы тепе-теңдікті сақтауға қажет. Таяуда Instituto Gulbenkian de Cincia португалиялық зерттеу институтының және Стэнфорд университетінің ғалымдары осынау нәзік балансты ұстап тұратын бактерияларды тапты. Бұл жаңалық өз кезегінде науқастардың денсаулығына мейлінше аз залал келтіре отырып емдеуге жол ашпақ. Тарқатып айтсақ, осы заманғы антибиотиктер жолындағысын таңдап-талғап жатпайды – яғни, зияды бактериялар мен пайдалы бактерияларды ажырата алмайды. Адам үшін қажетті пайдалы бактериялар да жойылып жатады. Нәтижесінде пайдалы бактериялар тапшылығы туындап, олардың орнына біздің ағзамызда бір қарағанда зиянсыз көрінетін, алайда, шын мәнінде аса қауіпті бактериялар мен саңырауқұлақтар қаптайды. Олар шектен тыс көбейіп кетсе, емдеп жазу қиынға соғатын оппортунистік деп аталатын инфекцияның көбеюіне жол ашады. Сол себепті де ғалымдар мен дәрігерлер антибиотикпен емдеу кезінде осындай қиындықтан құтылатын жолды іздеп келеді. Португалдық және америкалық ғалымдар осы проблеманы «айналшықтап жүріп, көмегі тиетін мүмкіндікті» тапқан секілді. Тышқандарға тәжірибе жүргізу барысында мынадай қызықты жайттың «үстінен түсті»: антибиотикпен емдегеннен кейін олардың бойында оппортунистік инфекция дамыған, ал кейбіреулерінің мүлдем сау қалпында қалғанын байқаған. Мамандар мұндай «айырмашылықтың» сырын іздеп көреді: антибиотикті қабылдаса да одан зардап шекпеген тышқандардың ішегінен әдетте адамның терісінде, тыныс жолдарында және нәжісінде кездесетін клебсиелл тобына жататын Klebsiella michiganensis деп аталатын таяқшалар табылған. Бір қызығы, қорғаушы Klebsiella michiganensis бактериясының бір «туысы» айтарлықтай қауіпті әрі кей жағдайда пневмонияның ауыр түріне ұрындыратын болып шықты. Тәжірибе барысында клебсиелдің тағы бір шартты түрде патогендік бактериямен – ішек таяқшасымен (Escherichia coli) қоректік заттар үшін бәсекелесетініне көз жеткізген. Антибиотикпен емдегеннен кейін Escherichia coli пациенттің бойында қаптап, айтарлықтай әуре-сарсаңға салған. Артынан белгілі болғандай, Klebsiella michiganensis тышқандардың ішегінде Escherichia coli –ге қарағанда аз болған, алайда, олар қоректік заттарды Escherichia coli-ге қарағанда әлдеқайда көп тұтынған. Осылайша өзінің бәсекелесінің көбеюіне жол бермей, қауіпті аурулардың пайда болу ықтималдылығын арттырған. Аталмыш зерттеу авторларының айтуынша, адамның бойында да бактериялар арасында мұндай бәсекелестік жүріп жатады. Бұл жаңалық өз кезегінде антибиотикпен емдеуге қатысты проблемалардың алдын алуға көмегін тигізеді. Сөз орайы келгенде айта кету керек, ғалымдар бұл тарапта мұндай қадамға тұңғыш рет барып отырған жоқ. Мәселен, бактерияға шабуылдайтын вирустар (бактериофаг) ауру тудыратын микробтарға қарсы өз тиімділігін көрсеткен болатын. Тағы бір зерттеу нәтижесі көрсеткендей, «қатаң диета» (ішекке қажетті қоректік заттарды шектеу) бактериялардың ресурс үшін бір-бірімен бәсекелесуіне жол ашып, аса қауіпті микробтардың қаптауына жол бермеген еді. Португалдық және америкалық ғалымдар мұнымен ғана шектеліп қалмай ізденісті одан ары жалғастырады: олар ішектегі патогнеді микроағзалардың көбеюін шектейтін Klebsiella michiganensis секілді өзге бактерияларды іздеуге бел байлап отыр. Бұл төңіректегі зерттеу барысы мен нәтижесі Nature Microbiology мерзімді басылымында жарияланды. 

0 пікір
Мұрағат