Алғаш рет жасанды жүйке жүйесі пайда болды
|
Осы заманғы озық технология медицина саласында адамзат үшін аса маңызды жаңалықтардың ашылуына түрткі болып қоймай, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандардың кемістігін жоюға және емі жоқ аурулардың санын азайтуға септігін тигізіп келеді. Алғаш рет жасанды жүйке жүйесі пайда болды – ол кеудесінде жаны бар адам секілді жарыққа реакция танытып, негізгі міндеттерін орындауды үйреніп келеді. Оны аса мүмкіндігі зор күрделі роботтар мен протездерді жасауда пайдаланылуы мүмкін. Бұл жайында islam.kz порталы newscientist.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ғалымдардың айтуынша, жылу немесе жарық секілді сыртқы тітіркендіргішке тап болғанда көз ілеспес жылдамдықпен әрі автоматты түрде жауап қатады, алайда, саналы түрде орындалатын реакция үшін, мәселен, допты қағып алу секілді әрекеттерге машықтану үшін жаттығып жатады. Бұл бағытта оңтүстік кореялық ғалымдар сыртқы тітіркендіргешке реакция таныта алатын жасанды жүйке жүйесін жасады. Ол фотодиодтан – электр сигналын механикалық синапс секілді әрекет ететін транзисторға айналдыратын материалдан және жүйенің миы секілді әрекет ететін жасанды нейрон тізбегінен тұрады. Фотодиод жарыққа тап болғанда электр сигналы арқылы транзисторға жөнелтеді. Бұл сигнал жасанды нейрон желісіне жіберіледі. Ал сигналды қабылдаған нейрон тізбегі синалға реакция танытуды үйреніп, роботтың қолына команда береді. Бұл процестер бір секундтың бір бөлігінде орындалады. Аталмыш жаңалық, сондай-ақ, неврологиялық дертке шалдыққан науқастарға да көмектесуі мүмкін – ағзалар мен аяқ-қолға бақылау орнатуға мүмкіндік беруі мүмкін.