Адам қартайған сайын неге шөге береді
Адам қартайған сайын неге шөге береді
5 жыл бұрын 3985 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Адамның жасы ұлғайған сайын шау тартып шөге береді. Дәлірегі, бойы аласара бастайды. Бұдан қорқудың немесе күйзеліске түсудің қажеті жоқ. Өйткені, бұл ғылыми тұрғыдан дәлелденген табиғи процесс. Десе де жас ұлғайған сайын бойдың аласаруын баяулатуға болады. Ұлыбританиядағы Солент университетінің доценті Адам Хоуки The Conversation мерзімді басылымында адам жасының ұлғаюына байланысты орын алатын бұл құбылыстың себебін түсіндіретін мақаласын жариялапты. Маманның тұжырымынша, адамның жасы ұлғайған сайын орын алатын бұл табиғи процесс сүйек және бұлшық ет тіндеріндегі, сондай-ақ, буын мен организмдегі өзге де тіндеріндегі өзгерістерге байланысты болмақ. Бұлшық ет массасының біртіндеп кемуі ғылым тілінде саркопения деп аталады. Бұл құбылыс 30 жастан басталады және әр он жыл сайын адам бұлшық ет массасының щамамен 3-5 пайызын жоғалтады. Адамның сымбатына жауапты бұлшық ет корпусы жас ұлғайған сайын кішірейе береді. Бұл жағдай өз кезегінде денені вертикалды күйінде ұстауына кері әсерін тигізбек. Соның салдарынан адам еңкіш тартып, бойы аласа болып көрінеді. Ал екінші себебі сүйек тінінің кемуінде жатыр. Адам 35-40 жасында сүйек тінінің кему деңгейі оның бойының өсу деңгейін еңсере бастайды. Бұдан ең алдымен омыртқа арасындағы дискілер зардап шегеді. Мамандар бұл табиғи процесті толық тоқтатудың мүмкін емесін алға тартып отыр. Алайда, оны баяулатудың жолдары бар: кальциге бай азықтарды және D дәруменін жиі тұтынуға, сондай-ақ, саламатты өмір салтын ұстанып, яғни, жат әдеттерден тыйылып, ұдайы жаттығулар жасауға кеңес береді.

0 пікір
Мұрағат