Экологиялық апат: есірткіге еліткен тотықұстар қарақшыға айналды (видео)
Экологиялық апат: есірткіге еліткен тотықұстар қарақшыға айналды (видео)
4 жыл бұрын 2078 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Не нәрсеге болсын, тәуелділік, тіпті, жат әдетке үйір адамнан өзгеге зияны жоқ болса да арты жақсылықпен аяқталмайтын дерт. Тәуелділік – адамнан бастап, кез келген тіршілік иесінің ең осал тұсы. Ішімдікке салыну, есірткіге еліту, т.б. секілді қоғамнан алыстататын жат әдеттерден бөлек, интернетке, құмар ойынға, тәуелді болып қалудың өзі осы заманғы әлеуметтік дертке айналған жат құбылыстар. Тәуелділіктен тек адамдар ғана емес, жануарлар да зардап шегіп жатады. Мәселен, Үндістанда экзотикалық құстардың біріне жататын тотықұс опиумға тәуелді болып қалған. Аспаздық, опа-далап, дәрі-дәрмек, т.б. мақсатта есірткіні заңды жолмен өсіретін үнді шаруалары тағы бір стихиялық апаттап зардап шегіп отыр. Тағы бір дейтінімз, жаһандық жылынудан, климат өзгерісінен орын алған сел-тасқын, құрғақшылық, өрт, шегіртке секілді тілсіз жаулардан көргені аздай енді тотықұстардан зардап шегуде. Тотықұстар үйірімен, яғни, 100-200 тотықұс күніне 30-40 рет ұшып келіп, алқаптағы макқа бас қояды. Яғни, әрбіреуі бір-бір мак қорабын алып ұшып кетеді. Дәніккеннен құныққан жаман, есірткіге еліткен құстарға фермерлер қандай қайран қалмады десеңші: оларды үркіту үшін тұлыпты қарақшы етіп қойды, үрейін алатын қатты дыбыстар шығарды, қолдарын ербеңдетіп алқапты айнала жүгіріп те шаршады. Ешқайсысынан қайран болмады. Есірткіден масайып, есінен айырылған тотықұстарға «Сырдың суы сирағынан келмейді». Есіртік есін алған тотықұстар бір-біріне немесе бұта-қарағанға қақтығысып-соқтығысып ұшып келеді де «дозасына» ұмтылады. Үнді шаруалары бұл тығырықтан шығу үшін тұтас алқаптың үстінен тор құрып тастауы керек. Алайда, бұған фермерлердің қаражаты жете бермейді, оның үстіне, торға шырмалған құстар жаппай қырылады. Жаһандық жылыну мен климат өзгерісінен құстардың да тіршілік ету ортасы тарылып, қорек табу қиындады. Осыған байланысты олар қоректің жаңа түрін іздеуге мәжбүр. Мак құрамында май мен ақуыз бар. Сол себепті, тотықұстар макқа үйір болып алды.

0 пікір
Мұрағат