Үйін сүріп тастамақ болғанда қытай үш қабатты баспанасын алты метрге жылжытып, аман алып қалды (видео)
|
Ол ол ма, ол биліктен үйін сүруі үшін берілетін өтемақы алып, екі оқпен бір қоян атып алды. Тарқатып айтқанда, Қытайдың Цзянси провинциясында шаруашылығын дөңгелетіп отырған Гао Ипин есімді қытайдың баспанасына сүрілу қаупі төнеді. Ескі үй болса бірсәрі, салынғаны бір қолдың саусақ санына жетпейтін жылдар ғана өткен , яғни, 2014 жылы бір миллион юан қаржысына тұрғызған үш қабатты баспанасын аман алып қалу үшін қулыққа баруына тура келді. Енді ше?! Бар жиған-тергенін жұмсап, қалтасын қағып салған үйін сүріп тастаса, еңбегі еш кетпей ме. Үйі салынған жерден жол төселетін болғандықтан оның баспанасы сүрілетін болып, билік өтемақы ретінде 680 мың юан төлейді. Бұл қаржы үйін тұрғызуға кеткен қаржының жанында болмашы сома еді. Ары ойланып, бері толғанып, бір шешімге келген фермер жұмысшыларды жалдап, алты апта ішінде баспанасын қазығы қағылған жерден алты метрге жылжытады. Жұмысшыларға жалдау ақысына 360 мың юан төлейді. Биліктен берілген өтемақының жартысындай сома. Фермердің көршісінің баспанасына да сүрілу қаупі төніп тұр. Ол да көршісінен көргенін істеуге бел буып отыр. Алайда, онысы іске аса ма, оны білмейміз. Өйткені, біріншіден, оның үйі төрт қабатты, екіншіден – баспанасын сүруден аман алып қалу үшін көршісі секілді алты метрге емес, жүз метрге дейін жылжытуға тура келеді.