Түрмеге қамалу үшін ақысын береді... (фото)
Түрмеге қамалу үшін ақысын береді... (фото)
5 жыл бұрын 3606 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Оңтүстік Кореяда бір уақыт жұмысты, тіпті, бәрін ұмытып, сіңбіруге де мұрша бермейтін қарбалас,қаурыт тірліктен қашып түрмеге тығылатындар қарасы артып келеді. Түрмеге қамалғаны үшін ақысын береді. Түрме бәзбіреулер үшін алаңсыз жатып тынығатын бірден-бір жалғыз орынға айналған. Ким Хон Чжи есімді фотограф «Менің ішімдегі түрме» деп аталатын абақтыда болып қайтқан екен... Көрдіңіздер ме, істің көзін тапқан адамдар осындай жолмен де ақша тауып, бизнесін өрге дөңгелетіп отыр. Адамдар шалғайына оратылған шаруадан бір сәт дамыл табатын түрменің іргетасын қаласқандардың бірі Но Чжи Хянның күйеуі заң саласының маманы, яғни, прокурор. Мұндай ой оған қайда келді? Күйеуінің сілелеп шаршап тұрып аузынан шыққан сөзінен. «Тынығып, ес жиып алғанша бір апта камерада жалғыз отырып шықса, жақсы болар еді. Бәрі осыдан басталды»,- деп еске алады ол мұндай ерекше бизнес түрін ашқанына не түрткі болғанын айта келіп. Біз сөз етіп отырған «Менің ішімдегі түрме» таңғы шық елінің солтүстік-шығысында орын тепкен Хончхон қаласында осыдан шамамен 5 жыл бұрын ашылған. 2013 жылдан бері мұнда екі мыңнан аса адам ақысын төлеп, тынығып кеткен болатын. Олардың дені студенттер мен кеңсе қызметкерлері болатын. Но Чжи Хянның айтуынша. Осы орайда мынадай дерек келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз: Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымынің мәліметінше, 2017 жылы Оңтүстік Корея тұрғындары орташа есеппен алғанда 2024 сағат жұмыс істеген. Бұл үлкен көрсеткіш. Аталған елді бұл жағынан тек Мексика мен Коста-Рика азаматтары ғана артқа тастаған. «Менің ішімдегі түрмеде» «тұтқындарға» (меймандарға) тек жазасын өтеушілер киетін киім, матрас, шай ішетін ыдыс-аяқ, қаламсап пен блокнот беріледі. Сосын аумағын бес шаршы метрден аспайтын, не қабырғасында ілулі тұратын сағаты жоқ, не айнасы жоқ камераға жалғыз қамап тастайды. Сыртынан құлыптап. Мұндағы меймандар түрмедегі секілді қатаң тәртіпке бағынады. Көрші камерадағылармен сөйлесуге тыйым салынған. Әжетханадан және «түрме» қожайыны берген аталған заттардан басқа ештеңе жоқ камерада «тұтқындар» матрасын төсеп, еденде ұйықтайды. Қалта телефоны «түрме» қожайынының қолында. Камерадағыларға сыртқы әлеммен байланысуға тыйым салынған. Таңғы асқа күріш ботқа беріледі. Ал түскі асқа буға пісірілген батат пен банан коктейлі ғана беріледі. Мәселен, Пак Хе Ри есімді 28 жастағы стартап менеджері артық-кемі жоқ тұп-тура бір тәулікке, яғни, 24 сағат қамалғаны үшін «түрме» қожайынының қолына қалтасынан 1000 вон (вон – кәрістердің ұлттық валютасы) санап берген болатын. «Бұл түрме маған бостандық сыйлайды», - деп ағынан ақтарылды ол.

 

0 пікір
Мұрағат