|
Ширек ғасырда обырдан болатын өлім-жітім 75%-ға артады
|
Таяу жылдары табысы төмен елдерде қатерлі ісік өлім-жітімнің негізгі себебіне айналады. Бұл жайында islam.kz порталы Lancet мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жалпы әлем бойынша қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімнің көбеюіне ең алдымен халықтардың қартаю процесі мен халық санының артуы себеп болады. 2050 жылға таман онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 75%-ға артады, яғни, жылына 18,6 млн шамасында обырдан өледі. Ал онкологиялық дертке шалдығатындар қарасы 60%-ға артады, яғни, жыл сайын шамамен 30 млн-нан аса адам осы сырқат түріне шалдығатын болады. Шылым шегу, дұрыс тамақтанбау, артық салмақ, қан құрамындағы қант деңгейінің артуы, ішімдік секілді жат әдеттердан аулақ болса, обырдан болатын өлім-жітімнің 40%-дан астамын болдырмауға болады. 2023 жылы ерлер арасындағы обырдан болатын өлім-жітімнің 46%-ы осындай жат әдеттерге үйір болудан орын алған. Ал бұл көрсеткіш әйелдер арасында - 36%. Бұл тараптағы зерттеу авторлары 1990-2023 жылдар аралығындағы 204 елде обырдың 47 түрі бойынша деректерді талдап, 2050 жылға дейін болжам жасады. 2023 жылы әлемде 18,5 миллион адамнан қатерлі ісік байқалған және 10,4 миллион адам өлген, бұл көрсеткіш 1990 жылмен салыстырғанда бірнеше есе көп.