Шетелдік көлікті сатып алу алдында не білу керек?
Шетелдік көлікті сатып алу алдында не білу керек?
5 жыл бұрын 2091 Молдир Калыкова

Таяуда Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға армян, қырғыз және Ресей көліктеріне байланысты үндеу жасаған болатын. Министрлік шетелде есепте тұрған көліктерді тіркеуге шақырған еді. Елімізде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Ресей, Армения және Қырғызстаннан әкелінген автокөліктер күн сайын көбейіп барады. Осыған байланысты Tengrinews.kz тілшісі шетелде тіркелген көлікті сатып алу алдында не білу керегін және қандай ережелерді сақтау қажет екенін баяндайды.

"10 жұмыс күні ішінде барлық алым мен баж салығын төлеп тіркелуі керек"

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бүгінде елге Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресейде тіркелген 170 мыңнан аса көлік жеткізілген. Армения және Қырғызстан автомобильдеріне қатысты ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің аумағында оларды пайдалану бойынша қатаң шектеулер бар екенін айта кету керек.

"Армения мен Қырғызстанда тіркелген автомобильдерде 2014 жылдан 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстанға кедендік баж салығы мен салықтарды төлемей уақытша кіруге мүмкіндік болған еді. Қазақстандықтар үшін осы кезеңде Қырғызстан мен Арменияда тіркелген автокөлікті әкелуге немесе пайдалануға тек көлікті кедендік декларациялау, баж салығы мен салықтарды төлеген соң ғана жол берілетін", - деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.

Егер қазақстандық өз атына ел аумағынан тыс жерде көлікті тіркеген болса, онда мұндай автомобиль Қазақстанда сатып алғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде барлық қажетті алым мен баж салығын төлеп тіркелуі керек дейді министрлік өкілдері. Белгіленген тәртіпте тіркелмеген автомобильді жүргізгені үшін 10 АЕК (26 510 теңге) көлемінде айыппұл салу қарастырылған. 

Тіркеу үшін шетелге барудың қажеті жоқ - ІІМ

Осыған дейін әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде армян, қырғыз және Ресей көліктерін тіркеу үшін міндетті түрде сол елдерге бару қажет екені туралы хабарламалар тараған еді. Алайда, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасы басшысы Юрий Козлов бұл мәліметті жоққа шығарды.

"Шетелге шығудың қажеті жоқ. Ондай көлікті тіркеу үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына бару керек. Техникалық құжаттар мен мемлекеттік баж төленгені жайлы құжаттар керек болады", - деген еді Козлов таяуда Нұр-Сұлтанда өткен брифингте.

Оның айтуынша, көлік тіркелмесе де ол қазақстандықтың меншігі болып саналады. Көліктің жаңа иесіне бұл жағдайда автомобильді толықтай немесе бөлшектеп сатуға болады.

Ресейлік нөмірмен жүрген автокөліктерге шектеу жоқ

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев шетелде есепте тұрған автокөліктерді тіркеу ережесін түсіндірген болатын. Оның айтуынша, мұндай көліктерді тіркеу үшін, олардың иелеріне Қазақстан аумағынан шығып, 30 күн өткен соң Қазақстанға қайта кіруге тура келеді екен. 

"Негізінен бұл Армения мен Қырғызстаннан келген көліктерге қатысты айтылады. Мұның ресейлік көліктерге қатысы жоқ. Қазақстанға кіріп жатқан барлық көлікке кедендік тазалық ережесі (мұны көлік иелері жасауы керек) бойынша - олар егер ережеден тыс рәсімделген болса Еуразиялық экономикалық одақ мүшелігіндегі Қазақстанға келетін барлық көлік түрі жатады. Бізде олар екі ел - Қырғызстан және Армения. Оларда 2020 жылға дейін кедендік рәсімдеудің жеңілдетілген кезеңі болды, яғни, онда кедендік баж салығы ЕАЭО-ның басқа мүшелері - Ресей, Беларусь және Қазақстандағыдан әлдеқайда төмен болды. Сондықтан, бұл тек Қырғызстан мен Армения азаматтарына ғана тарала бастады, олар өз автокөліктеріне бізге уақытша енгізу ережелері бойынша келіп, әрі қарай еркін жүре алады. Біздің азаматтарымызға келетін болсақ, олар бастапқыда бұл көліктерде кедендік тазартуды толық жүргізулері қажет", - деп түсіндірді Қожаев.

Сарапшылар не дейді?

Тәуелсіз автомобильдер одағының (ТАО) төрағасы Эдуард Эдоков Қазақстанда армян және қырғыз көліктеріне қатысты шектеулерге пікір білдірді. ҚР ІІМ өкілдері азаматтарға автокөліктерін қайта тіркеп, жергілікті есепке қоюға шақырды. Олай болмаған жағдайда ел аумағында бір жылдан аса жүрген көліктер тәркіленіп, айыппұл тұрағына қойылады. Маман мұның "уақытша кампания" болуы мүмкін екенін болжайды.

Эдоковтың пікірінше, ІІМ-нің шектеулері Қазақстанның автонарығына әсер етпейді.

"Шетелдік нөмірлері бар автокөліктер үлесі бес пайызға да жетпейді. Сондықтан мен осы шектеулерге байланысты автонарыққа қандай да бір әсер береді деп айта алмаймын. Соңғы 10 жылда қырғыз автокөліктерімен болған бұл жағдай бірнеше рет қайталанды: 2008-2009 жылдардан бастап, әр түрлі заңсыз жолдармен рулі оң жағындағы көліктер келе бастады. Ол кезде біздің азаматтарымызды түсінуге де кешіруге де болады. Бірақ қазір олар бұған саналы түрде барып жатыр, себебі Қазақстанға шетелден жеткізілген автокөліктің бағасы 1,5-2 есе төмен", - дейді сарапшы.

Эдоков Қазақстан ІІМ-нің жаңа шектеулері шетелдік автомобильдермен күресте "уақытша кампания" болуы мүмкін деп болжап отыр. Ол қазақстандық полицейлердің жыл сайын қырғыз көліктерімен күресіп келе жатқанын атап өтті.

0 пікір
Мұрағат