|
Қай елдерде жүктілік кезінде ажырасуға тыйым салынған?
|
Ерлі-зайыптылардың ажырасуы уақыт таңдамайды. Кез келген сәтте жараспай қалатындықтан ажырасу ықтималдылығы артады. Бұл жайында islam.kz порталы мәлім етеді. Десе де кей елдерде әйелдің аяғы ауыр болса, ерлі-зайыптыларға ажырасуына тыйым салынған. Ана мен болашақ баланың қамы үшін. Әлбетте, бұл уақытша тыйым. Бала өмірге келгенше немесе бала бір жасқа толғанша. Бұл мерзімдер әр елдің заңнамасында әрқалай көрініс тапқан. Мәселен, елімізде ер адам әйелі жүкті болса әрі әйелі келісімін бермесе, ажыраса алмайды. Бала бір жасқа толғанша. Мұндай талап әлемнің көптеген елдерінде қарастырылған. Соның ішінде көрші Ресейде де кездеседі. Бұдан бөлек, ажырасу процедурасы баланың жағдайына қарай (баланың денсаулығы, материалдық жағдайы), ортақ мүлікті бөлу процесіне қарай қиындай бермек. Әйелдің аяғы ауыр кезінде ғана емес, жалпы ерлі-зайыптылардың ажырасуына мүлдем тыйым салынған екі ел барын білесіз бе? Білмесеңіз, сол екі мемлекеттің бірі – Ватикан (католиктердің орталығы), екіншісі – оңтүстік-шығыс Азияда орын тепкен Филиппин. Бір қызығы, күллі әлем бойынша халық саны жағынан 13-ші орында тұрған Филиппинде ажырасу құқығы мұсылмандарға берілген: олар шариғат талаптары негізге алынады. Мемлекет араласпайды. Ал филиппиндердің өзі ел аумағында емес, шетелде жүріп ажырасca да мемлекет олардың ажырасқанын мойындамайды. Таяуда, яғни, 2004 жылдан бастап Чилиде ажырасуға рұқсат берілді. Оның өзінде бірден ажырасуға жол бермейді, ерлі-зайыптыларға ойлануға бір жыл мұрсат беріледі. Ал Малтада 2011 жылы ерлі-зайыптылардың ажырасуына рұқсат етілді. Оның өзінде ерлі-зайыптылардың бірінің төсек қатынасындағы ерлі-зайыпты парызын өтеу қабілеті жоғалса немесе отбасына асырауға шамасы келмесе, т.б. талаптар негізінде ажырасу процедурасына рұқсат беріледі.