Кәсіп бастау үшін қанша қаржы керек?
|
Кәсібін бастауға кіріскен кәсіпкер оны заңдастыру үшін ең алдымен тіркеліп, жеке кәсіпкер куәлігін алған жөн, оған шамамен 20 мың теңге ақша кетеді.
Тұрғылықты аймақ бойынша салық органына жеке кәсіпкерді тіркеуге қою үшін арнайы салықтық өтініш жазылады. Бұл өтініш салық органына қабылданғаннан кейінгі үш күн ішінде жеке кәсіпкерді салық төлеуші ретінде тіркеу жүргізіледі және оған жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуге алынғаны жөнінде арнайы куәлік береді. Кәсіпкер салық органына салықтық өтініштен бөлек жеке куәлігі көшірмесін, 3,5х4,5 фотосуретін, дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркегені үшін төлеген алым сомасын растайтын түбіртек-құжат, тұрғылықты жерін растайтын құжат ұсынады. Осы арада айта кетер жай, мұндай алым бір рет төленеді. Оның көлемі 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде есептелген. Бұл алымнан шаруа қожалықтары, фермерлер мен I, II, III топтағы мүгедек адамдар, ҚР азаматтығын алмағанға дейін кәсіпкерлік қызметін бастаған оралмандар босатылған.
Аталмыш басқарма мамандарының айтуынша, кейбір жағдайда, кәсіпкерлік қызметтің ерекшеліктеріне байланысты салық органына тіркеу мерзімі 5-11 күн аралығында жүргізілуі мүмкін. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік тіркеу тәртібі Қазақстан Республикасының «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңының 27-бабында жан-жақты жазылған.
2017 жылдың 1-қаңтарынан бастап жеке кәсіпкерлікті ашуда оң өзгерістер жасалды. Енді жеке тұлғалар жеке кәсіпкерлік ашу үшін өтініш емес, жеке кәсіп ашып бастағаны туралы хабарлама жасаса болғаны. Аталмыш хабарлама кәсіпкер ретінде тіркелуді қамтамасыз етеді. Егер жеке кәсіпкерлік бірлескен болса, онда кәсіпкерліктің уәкілетті өкілі қалған мүшелердің қолы бар сенімхатты көрсетеді.
Бұл тізімге салық түрлерін, кеңсе жалдау құнын, ең болмағанда 1 қызметкер жалақысы (жеке кәсіпкерлікте ең болмағанда есепші қажет), жарнама үшін бастапқы капитал қажет.
Блокноттағы бизнес-жоспар
Жеке бизнесті ашуда ең маңыздысы жүйелі бизнес-жоспар құру. Шағын кәсіпкерлікте бизнес жоспар айтарлықтай қажет емес. Алайда әр қадам бойынша жазылған әрекет сызбаңыз болса қаржыны үнемдеуге, дұрыс жұмсауға, ісіңіздегі жүйелілікке, бизнесті өрге дөңгелетуге септігін тигізеді. Мейлі бизнес-жоспарыңызды қарапайым блокнотқа жазып, күнбе күн жасаған әрекеттерді, жұмсалған қаржыны түртіп отырыңыз. Мәселен, кәсіп бастамақ саланы терең зерттеп, бүге-шігесіне дейін білу, әр тиын шығынын есептеу қажет. Онсыз бизнес жүрмейді.
Мотивация мен алқашқы капитал
Жаңа кәсіпті бастау, оны тұрақты жүргізуге алдымен жаттығу керек. Әдеттен тыс ерте ояну, барлығын қаперде ұстау, серіктестермен белгіленген уақытта кездесу, салықтар, төлемдер мен жалақыны уақытында төлеуді дағдыға айналдыру керек. Алғашқы капитал қағазбастылық, салық, бір-екі айға шамамен кететін шығынды қоса есептегенде артығымен болуы шарт. Олай болмағанда қарызға кіру қауіпі бар. Ал қарыз, несие алу жаңадан құрылып келе жатқан бизнеске кедергі, тіпті соңы болуы мүмкін.
Жаңа кәсіпті сүю қажетті аспект. Шабыт пен құлшыныс арқылы жаңа идеялар, қиялдар туады. Күнделікті мотивация мен аффирмациялар сізді керек арнаға салады.
Versus қолданбалы жетістік академиясы Vertex курсының жеңімпазы атанып, Foodtruck бизнес-жобасының иесі Дархан Кәрімов: «Қай салада кәсіп ашасыз, қаржының көлемі соған байланысты. Ал жалпы алғанда, менің ойымша, қаржысыз да кәсіп ашуға болады. Мысалы, бейнеролик түсіретін компания ашу үшін қандай қаржы керек? Ешқандай. Тапсырыс аласыз да, қажетті мамандарды жалдап жұмыс істей бересіз. Тек жеке кәсіпкерлік ретінде тіркелу үшін ғана ақша керек. Оның өзі көп қаржы емес қой».
Маркетинг пен жарнама
Бір қарағанда бизнес пен медиа құралдары арасында айтарлықтай байланыс жоқ болып көрінеді, алайда бұл олай емес. Өзінің жеке кәсіпкерлігін бастағалы отырған ынталы адамға жарнама, мультимедиалық мүмкіндіктер мен логистикалық құралдар ауадай қажет. Жеке кәсіпкерлікте әлеуметтік желілердің көмегімен тегін жарнама жасауға болады.
Жарнама қашанда болған, тек заманына сай беру формалары мен мазмұны ауысып отырған. Сондықтан кез келген стартап өзінің лайықты аудиториясын тауып, үлкен сұранысқа ие болуы үшін кәсіпкерлер белгілі бір медиа платформаларында ұтымды инновациялық жолдарды ойластыруы қажет. Нарық қалайтын өнімдерді шығару арқылы тиімді бизнес саласын құру отандық және шетелдік сату алаңында сүбелі орын еншілейтіні сөзсіз. Тіпті қолыңыздағы ұялы телефон арқылы да жанрамалауды жолға қоюға әбден мүмкін. Ақпараттық-технологиялық ағымда меңгерілген коммуникациялар бұл мәселелер шешімін табады. Ол үшін веб-жобалар, оқылымды контент, жарнама аймағы қажет.
Сонымен…
Сүйікті іспен айналысу, уақыт пен қаражатқа қожайын болу, табысқа кенелу, бай-қуатты өмір сүру, армандар мен мақсаттарға қол жеткізу – сәтті құрылған бизнестің жемісі. Кез келген бизнес ашу үшін қаражат керек.
Капиталыңыз 100 мың теңге болса – қара базарда белгілі бір тауарды алып сатуға болады. 1 млн теңгеге франшиза сатып алуға болады.
Кәсібіңіздің көлеміне қарамастан 1:3 формуласын есте сақтаңыз. Мәселен, 100 000 теңге және 300 000 теңге. Бірінші сома шағын бизнес әкелетін таза табыс болса, екіншісі орта есеппен жеке кәсіпкерлікті бастау үшін керек сома. Кәсіпкерлікте айтарлықтай тәжірибеңіз жоқ болса, тәуекелдерді азайту үшін неғұрлым аз қаржы кететін кәсіп түрін таңдаңыз. Біліксіз бизнеске соңғы ақшаны салу – ақымақтық.