Жер бетінде су таусылайын деді ме?
Жер бетінде су таусылайын деді ме?
6 жыл бұрын 5013 Алтынай Қуанышбек

Әлем бойынша суды тұтыну көрсеткіші артып, адамзат су қорларын тез тұтынып жатыр деген қорқыныш жоқ емес. Бұл үрей орынды ма? Бұл сұраққа Тhe Guardian басылымының қоршаған орта бойынша тілшісі Фиона Харви өз мақаласында жан-жақты жауап беруге тырысқан, деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі. 

Су – Жердегі ең тез қайта қалпына келетін ресурс. Ол аспаннан жаңбыр болып жауады, бізді планетамыздың төрттен үш бөлігін алып жатқан мұхиттармен қоршап тұрады. Тіпті, мұз шатқалдарда, тау мұздарында да су бар. Бұл – Жердегі өмірдің көзі. Марста да су бар болуы мүмкін деген болжамдарды ескерсек, планетамыздан тыс жерде де өмір бұлағы – су деуге негіз бар.

Су қайда жұмсалады?

130 литр суды бір кесеге қалай сыйғызуға болады? Жауап: кесені кофемен толтыру керек. Кофе дәндерін өсіру өте көп суды қажет етеді. Мақта, авокадо, миндаль да өте көп су мөлшерін қажет ететін өндіріс. Жалпы, бүкіл әлем бойынша тұщы судың 70 пайызы ауыл шаруашылығына жұмсалады.

Кейбір өңір суды көп қажет ететін шаруашылықтарға су экспорттайды. Бұл ретте «виртуалды су» немесе «көзге көрінбейтін су» терминдері кең қолданылады. Мұндай судың көбі ауылшаруашылық өнімдеріне жіберіледі. Дегенмен, суды қажет ететін өнеркәсіп түрлері де көп.

Суды экспорттайтын кейбір мемлекет көп пайда тауып отырғандай көрінуі мүмкін. Бірақ, ұзақмерзімді уақытта су ресурстарының төмендеуі одан да көп зиян тигізуі мүмкін.

«Виртуалды су концепциясы су ресурстары аз мемлекеттерге тауар өндіру қажеттілігін қанағаттандыруға көмектесуі мүмкін. Сол арқылы ол ел қымбат суды ауыл шаруашылығына жұмсамауға мүмкіндік алады. Мысалы, басқа жақтан алу мүмкіндігі барда өзінде бар аз ғана су ресурсын ауыл шаруашылығына пайдалану Сауд Арабиясына өте тиімсіз», дейді WaterAid ұйымының бас менеджері Винсент Кейси.

Бұл жердегі басты проблема – Жердегі су ресурстарының көбі қолжетімсіз. Тіпті, Марстан су алу қаншалықты қиын болса, планетамыздағы судың қолжетімсіздігі де сондай күрделі деуге болады. Сондай-ақ, су Жер шары бойынша біркелкі бөлінбеген. Сонымен қатар, суды алыс қашықтыққа тасымалдау да қиын. Ал адамзаттың тамақ өнімін алуда да, жалпы өнеркәсіпте де қажеттілігі мен сұраныстары артып келеді. Біз не істесек те, бізге су керек: Ішу үшін, жуыну үшін, тамақ өнімдерін өсіру үшін, өндіріс үшін, құрылыс пен өнеркәсіпте де су керек. Жер шарында 7,5 миллиард адам бар, бұл 2050 жылға қарай 10 миллиард адамға жетуі мүмкін деген болжам бар екенін ескерсек, жағдайдың маңызы артпаса, еш кемімек емес.

Бүгінгі таңда планетамыздағы 844 миллион адам – Жер шары тұрғындарының тоғызының біреуі таза суға қол жеткізу алмай жүр, кейбірі ауыз суды алыстан алуға мәжбүр. Сондай-ақ, әлем бойынша жылына шамамен 5 жасқа дейінгі 300 мың бала лас су мен санитарлық жағдайға байланысты туындаған диареядан көз жұмады. Суды қажет етіп отырғандарға оны беру тек адам өмірінің қауіпсіздігі үшін ғана емес, әлеуметтік және экономикалық жағынан да пайдалы болар еді. Балалар білім ала алмай, ересектер жұмыстарына қатыса алмай қалып жатады. Әсіресе санитарлық жағдайдың дұрыс болмауы қыз балалар үшін өте қиын. Яғни, қолжетімді ауыз суымен қамту денсаулық сақтау саласына түсетін салмақты азайтып, экономикалық ресурстарға пайда тигізе алады.

WaterAid қайырымдылық ұйымының мәліметтеріне сенсек, таза суға инвестицияланған әрбір 1,32 доллар ең кемінде 5,27 доллар пайда әкеледі. Бұл 2030 жылға дейін 27,67 млрд долларға жетіп, жаһандық ішкі жалпы өнімнің 0,1 пайызын құрайтын болады. Бүкіл әлемдік банктың айтуынша, экономикалық пайда жылына 60 млрд долларды құрауы мүмкін.

Климаттық өзгерістерден жағдай нашарлап жатыр ма?

Климаттың өзгеруі бүкіл әлем бойынша құрғақшылық пен жылы толқындарға, су тасқындары мен теңіз деңгейінің көтерілуіне әкеп соқтырып жатыр. Сонымен қатар, су ресурстарының ластану көрсеткіші де анағұрлым артқан. Су горизонттарының таусылуы да қалған судың өзгеруіне әкеледі. Ал түрлі нитраттар мен суға төгілетін химиялық заттар оны тұтынуға жарамсыз етеді.

Оңтүстік Африкадағы Кейптаун сумен жабдықтауға қауіп төнген кезде не болуы мүмкін екеніне анық мысал бола алады. Көп жылдар бойы бұл қалада су шамадан тыс қолданылып, байлар мен кедейлерге теңдей бөлу шараларына қажеттілік туындамады. Былтырғы жылдың соңында жағдай қиын-қыстау кезеңнің шегіне жетті. Қала билігі су қоры мүлдем таусылуға жақын екенін айтты. Су ресурстары құрғап, су таусылатыны ескертілді.

Халықтың суды үнемдеп тұтына бастауынан су қоры мүлдем таусылудан аман қалды. Дегенмен, халық кір жуатын машиналардың немесе душтардың «сұр» суын қайтадан қолдануға мәжбүр жағдайға жетті.

Ең көп қатер кімге төніп тұр?

Ең көп жапа шеккендер – кедейлер. WaterAid ұйымының аға саяси сарапшысы Джонатан Фарр былай дейді: «Судың шектеулі болуы немес оны тұтынуға белгілі бір шек қойылуы байларға немесе жағдайы жақсыларға қарағанда кедейлердің суға қол жеткізуіне қиындық туғызады». Көптеген мемлекеттердің үкіметі мен су ресурстарын жекешелендірген компаниялар бай аудандардағы жағдайды қатты бақылауда ұстайды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, өнеркәсіпке басты назар аударып, кедейлердің жағдайына мән бермейді. Сонымен қатар, жерасты су ресурстарынан шамадан тыс көп су тартатындарға, суды ластайтындарға көз жұма қарайды. Негізінен, халықты сумен әділетті қамту үшін қатаң басқарушылық пен реттеу шаралары, инвестиция, ережелердің қадағалануы керек. Әлемдегі ең суға дефицит бар жерлер мен кедей өңірлер де назардан тыс қалмауы керек.

Бүгінде су дефицитіне ұшыраған аудандар саны артты. Кейптаун – бұл тек басы ғана. 14 жылдық бақылау жасаған Nasa Grace - Gravity Recovery and Climate Experiment спутнигінен алынған мәліметтерге негізделген жаңа зерттеулерге зер салсақ, бүгінде Жер шарында су ресурстары кеміп жатқан 19 нүкте бар. Бұл өз кезегінде апатты жағдайға әкелуі мүмкін. Бұл нүктелерге Калифорнияның кей аудандары, Қытайдың солтүстік-батысы, Үндістан мен Таяу Шығыстың солтүстік және шығыс өңірлері кірген.

Ғалымдар болжағандай, климаттың өзгеруінен құрғақшылыққа бейім жерлер бұрынғыдан да құрғай түсті, ал ылғалды жерлер ылғалдана бастады. Зерттеу авторларының айтуынша, су – ғасырдың негізгі экологиялық проблемасына айналды.

Суды кім бақылайды?

Суды бақылайтын жаһандық жүйе жоқ. Су ресурстары жергілікті деңгейде басқарылады, көбіне бұл басқару жоғары деңгейде бола бермейді. Бізге суды тиімді әрі әділ пайдалануға мүмкіндік беретін технология бар, бірақ, ол жүзеге асырылмайды. «Суды тиімді пайдалану үшін жаңа технологияларды ойлап табу керек деген жаңсақ пікір. Негізінен, көп жағдайда, қазіргі бар технологияларды (насос, жаңбыр суын жинау технологиясы, су сақтау цистерналары және т.б.) тиімді пайдалана отырып-ақ жағдайды реттеуге болады. Біз су ресурстарына қол жеткізуді өркениеттің енуімен меңгеріп алғанбыз. Біз бәрін қалай істеу керек екенін білеміз. Тек соны жүзеге асыру керек», дейді Фарр. Мысалы, оның айтуынша, Африканың алыс оңтүстігінде жер асты суының ресурсы жеткілікті болуы мүмкін, бірақ, ол суды халыққа қолжетімді етуге жұмсалатын инвестиция жеткіліксіз.

Тұщы су ресурстарын қалай басқарған жөн?

Жоғарыда су ресурстарын тиімді басқару тәсілдерінің оңай екенін айттық. Оған мысал ретінде трубалардағы кемшіліктерді келтіруге болады. Трубаның ескіруі немесе бұзылуы, яғни, нашар инфрақұрылым судың көп мөлшерін алады. Ал дұрыс жұмыс істемейтін, үнемі су тамшылап тұратын краннан жылына 300 литр су ағуы мүмкін. Ұлыбританияда Қоршаған ортаны қорғау агенттігі алдағы бірнеше жылда мемлекеттің оңтүстік-батысында су жетіспеушілігі болуы мүмкін екенін ескертті. Ал күніне тесіктерден ағып жатқан 3 млрд листр су 20 миллион адамның қажеттілігін өтеу үшін жеткілікті.

Дамыған елдерде бұл жағдай көп дау туғызды. Себебі, кейбір көпбалалы отбасы көбірек су тұтынады, қажеттілігі де көптеу. Бірақ, бұл елдер суды шаруашылықта тиімді пайдалану туралы көп ақпараттандырумен айналысады.

Суландыру (ирригация) фермерлерге, тіпті, құрғақ өңірлердің өзінде әртүрлі дәнді дақылдар өсіруге мүмкіндік берді. Бірақ, суарудың кейбір тәсілдері өте тиімсіз. Мысалы, ыстық мемлекеттерде егіске құйылған су өсімдік тамырына жеткенше буланып кетеді. Бұл ретте тамшылы суландыру тәсілін немесе өсімдіктің тамырына су жеткізетін трубалы суару әдістерін қолдануға болар еді.

«Сондай-ақ, суарудың дәстүрлі түрлерін де көптеген аймақтарда сәтті қалпына келтіруге болады», дейді Джеймс Хаттон институтының профессоры Марк Штуттер. Оның айтуынша, Үндістанның Раджастхан штатында йохад деп аталатын кішігірім дамбыларды қалпына келтіру ара-тұра жаңбыр суын жинауға мүмкіндік бере алады.

Сенсорлы технологиялардағы керемет жетістіктер де бұл салада көп мүмкіндікке жол ашып отыр. Мәліметтер тарататын егістік тетіктерды жылына 2 долларға алуға болады. Бұл құрылғылар топырақтағы су мөлшерін бақылауға, фермерлерге суару қаншалықты керек екенін көрсетуге мүмкіндік береді.

Бұл мәселе ғылымды да алаңдатып отыр. Өсімдікті зерттеуші биологтар құрғақшылыққа шыдамды түрлерді алу жолында еңбектеніп жатыр. Дегенмен, ғылым мен техника барлық мәселені шеше алмайды. Су ресурстарының көп проблемаларының ішінде ең үлкені басқару мен әділетті бөлу болып қала бермек. Табыс табу үшін фермерлер көбейе береді, шаруашылықтары ұлғая береді. Олардың көпшілігі жерасты суларын тиімді пайдалануға ұмтылуға құлықсыз. Мықты басқару болмаса, бұл жағдай үлкен апатқа айналуы мүмкін. Себебі, су ресурстарының азаюы жергілікті халыққа да көп әсер етеді.

Су тасқындары туралы не айтуға болады?

Климаттың өзгеруі тек құрғақшылыққа емес, жиі болатын су тасқындарына да әкеледі. Бұл табиғи апат ауыл шаруашылығы мен қалалар үшін өте қауіпті. Әсіресе, теңіз деңгейінің көтерілуінен немесе теңіз дауылынан болатын су тасқындары су ресурстарына жақын орналасқан қалаларға көп қатер төндіреді.

Бүкіл әлемдік банктің мәліметтеріне сенсек, егер су тасқынының салдарын жоюға байланысты тиісті шаралар қолданылмаса, 2050 жылға қарай су тасқынынан қалаларға 1 триллион доллар шығын келуі мүмкін.

Әлемді су тасқынынан қорғау – бұл тек Темза кедергісі сияқты қабырға салумен шектелмеуі керек. Қала жобалаушылар қала саларда «суға арналған бос кеңістікті» жоспарлап, табиғи қорғанысқа мән беруге тырысады. Мысалы, тропикалық аудандарда жағажайларға жақын орналасқан жерлердің бестен бірі ауыл шаруашылығына арналып босатылған.

Мангр ормандарын қалпына келтіру де көп артықшылық береді: олар елді мекендердің ішін теңіз көлемінің артуынан, дауылды су тасқындарынан қорғап, балықтардың көбеюіне әсер етеді. Бүгінгі таңда мангр тоғайларын қалпына келтіру жұмыстары Бангладеш, Индонезия, Кот-д'Ивуар мен Суринамда атқарылып жатыр.

Арналы жазықтықтар мен сулы жайылымдар да судың табиғи сақталуына көп әсер етеді. Суды сорып алатын жер оны өте аз жылдамдықпен босатады. Бұл ауыл шаруашылығымен айналысатын фермерлер үшін танымал әдіс емес. Дегенмен, қоғамдық ақша оның бағасын қайтарып алуға жеткілікті. Мысалы, Ұлыбританияда мұндай жобалар қолға алынған.

Жүзетін үйлер – Нидерландыдан Оңтүстік-шығыс Азияға кірген тағы бір жақсы идея. Фундаменттің орнына жүзетін платформаға тұрғызылған үйлер өзенге байланады. Қазір мұндай үйлердің түрлі заманауи конструкциялары бар. Мұндай жобалар, тіпті, Лагос пен лондондық Доклендс жерінде де қолға алынған.

Айналамыздың бәрі су...

Планетамыздың ең үлкен су ресурсы – теңіз суы. Ол Жер шарындағы судың 97 пайызын қамтиды. Оны неге ішуге пайдалануға болмайды?

Бұл суды тұтыну технологиясы мынандай: оны қайнатасың, буын аласың, буды қайтадан су күйіне келтіресің. Аздаған мөлшерде су алу үшін бұл технологияны қолдану тимді. Сондай-ақ, бұл әдіс суды тұз бен басқа да заттардан тазартады. Бірақ, көп мөлшерде ауыз суын алып, қалалардың қажеттіліктерін өтеу көп отынды, шығынды талап етеді. Тіпті, қайнау температурасын төмендетіп, қысымды азайту үшін де заманауи технологияларды пайдалану керек болады.

Альтернатива ретінде электр токтарын қолдануға болады. Судан өткен ток тұз бен минералдарды бөліп, сүзіп алуға мүмкіндік береді. Дегенмен, бұл екі тәсіл де өте көп энергетикалық қажеттілікті талап етеді. Сондай-ақ, процесті қымбаттатып, жаһандық парник газдардың көбеюіне әкеледі. Сонымен қатар, теңіз суын алу балық пен экожүйені де бұзуы мүмкін. Ал бұл процестің қалдықтары өсімдіктер үшін қауіпті. Себебі, тұзды қалдықтар қайтадан теңізге төгіледі. Ал дұрыс бақылау жүргізілмесе оның көп мөлшері теңіздегі өмір үшін өте қауіпті.

Энергия шығыны көптеген мемлекеттер үшін үлкен шығынды қажет етеді. Сондықтан да оны тұтынушы негізгі мемлекеттер қатарында құрғақшылыққа бейім әрі мұнайға бай Таяу Шығыс елдері болып келеді. Дегенмен, кейбір жерлерде су дағдарысы реттеліп келеді. Мысалы, Кейптаундағы суды тұщылайтын алғашқы зауыт бюджетті проблемаларға ұшырап, қайта қосылды. Қытай, Пәкістан, Үндістан суға байланысты жаңа технологияларды зерттеп жатыр.

Егер қайта жаңартылатын энергия көздерін өсімдіктерді қоректендіруге жасау мүмкіндігі туса, климат өзгерісінің әсерін анағұрлым азайтуға болады.

Енді не болады?

БҰҰ-ның тұрақты даму жоспарының алтауы суға қатысты. Онда 2030 жылға қарай барлық жерде қауіпсіз су мен санитария болу керектігі айтылған. Дегенмен, «Су әлемі» атты кітаптың авторы Джеймс Фаррайт бұл көрсеткішке жету үшін кейбір мемлекеттерге ғасырға жуық уақыт керек екенін айтады. Айта кету керек, биыл жазда БҰҰ осы мәселені талқылау үшін жиын өткізбек.

Nasa Grace зерттеуінің соавторы Джеймс Фэмиглиеттидің айтуынша, кейбір мемлекеттердегі негізгі су ресурстары жылдам тарылып жатыр. Олардың қатарында Оңтүстік Америка, Сахара шөлдері бар. «Бұл сулы горизонттар сумен қамту мүмкіндігінен айырылғанда біз тамақты қалай өндіріп, суды қайдан аламыз?», дейді ол. 

0 пікір
Мұрағат