Әлемді түрлі жануардың көзімен көруге мүмкіндік беретін камера әзірленді (видео)
|
Ғалымдар жануарлардың әлемді қалай көретінін көрсететін камера құрастырды. Бұл жайында islam.kz порталы PLOS Biology мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ұлыбритания мен Америка құрама штаттарының зерттеушілері жануар түрлерінің көретін әлемді визуализациялаудың динамикалық, түрлі-түсті технологиясын әзірледі. Жануарлардың көру ерекшелігі мен қабілетін талдауға негізделген арнайы бағдарлама белгілі бір түрдің түстерді қалай қабылдайтынын 92% -дан астам дәлдікпен болжайды. Ғалымдар әзірлеген камера бейнені төрт түсті арнада таспаға тартып алады: көк, жасыл, қызыл және ультракүлгін. Аталған бағдарлама жануарға тән сүзгілерді қолдана отырып, алынған кескіндерді өңдейді. Нәтижесінде белгілі бір ландшафтты белгілі бір түрдің өкілдері, мысалы, көбелектердің, аралардың немесе иттердің қалай көретіні туралы бейне пайда болады. Ғалымдар жануарлар көретін түстерді осындай жолмен қалпына келтіру арқылы олардың қоршаған ортамен қалай байланысатынын және қалай бағдар алатынын тереңірек түсінуге көмектеседі, деп есептейді. Сонымен қатар, технологияны, мысалы, кинематографистер жануарлардың көру призмасы арқылы қоршаған әлемнің динамикалық және дәл көріністерін жасау үшін пайдалана алады.