Интернет қолданушылар өмірінің 1/4 бөлігін онлайнда өткізеді
Интернет қолданушылар өмірінің 1/4 бөлігін онлайнда өткізеді
6 жыл бұрын 5084 7kun.kz baq.kz Гүлдана Қазтай, Алтынай Қуанышбек

Пайдаланушылар интернетте өмірінің төрттен бір бөлігін өткізеді. We Are Social және Hootsuite халықаралық агенттігі жасаған интернет-нарығының жағдайы туралы Digital 2019 есебінде осындай мәлеметтер тіркелді.

Орташа пайдаланушы күн сайын 6 сағат 42 минут онлайн өткізеді (осы уақыттың жартысы – мобильді құрылғылардан), бұл жылына 100 күннен астам уақытты құрайды.

Ғаламторда ең аз уақытты Жапония пайдаланушылары өткізеді – күніне 3 сағат 45 минут. Ең көп – Филиппин пайдаланушылары (күніне 10 сағаттан астам).

Интернет пайдаланушыларының саны күн сайын орташа есеппен 1 млн-нан асады. 2018 жылдың 1 қаңтарынан пайдаланушылар саны366 млн-ға (9%) артты.

Мобильді құрылғыларды пайдаланушылардың саны 5,11 млрд (әлемдік халықтың 67%), ал Интернетті пайдаланушылар саны – 4,39 млрд (халықтың 57%).

Интернеттің ең жоғары пайдалануы Солтүстік Америка (95%), Еуропа (80%-дан 95%-ға дейін) және Оңтүстік Америка (73%) елдерінде байқалады. Интернеттің ең төменгі пайдалануы – Орталық Африка (12%), Шығыс Африка (32%) және Батыс Африка (41%) елдерінде. Орталық Азия есепке сәйкес интернетпен 50% қамтылған.

Alexa және SimilarWeb рейтингі бойынша ең жиі қаралатын сайттар – Google.com, YouTube.com, Facebook.com, Baidu.com және Wikipedia.org

The Guardian: «Фейсбук» әлемді жатақханаға айналдырып жіберді

Қазақстан Интернет Ассоциациясы жетекшісі Шавкат Сабиров өз сұхбаттарының бірінде ВКонтакте желісі кең танылғанын, дегенмен, ықпалы  жағынан Facebook алда тұрғанын айтыпты. Ал Google корпорациясының тапсырысымен жүргізілген зерттеулерге сенсек, Қазақстандағы интернет пайдаланушылардың 86 пайызы күнде онлайн отырады. Жақында The Guardian басылымының авторы Джон Хэрристің  «Адам «Менінің» өлімі: Facebook 15 жылда адам табиғатын қалай өзгертті?» деген мақаласы жарияланды.  BAQ.KZ ақпарат агенттігі назарларыңызға осы мақаланың қысқаша мазмұнын ұсынады.

2004 жылы әлеуметтік желі адамдарды байланыстыру үшін құрылды. Бірақ қазір біз күнделікті уақытымызды онлайн өткізіп, жалғыздықта әрі тыныштықта отырудың қандай болатынын ұмытып қалған жоқпыз ба?  

«Thefacebook — колледждердегі адамдарды әлеуметтік желі арқылы бір-бірімен байланыстыратын онлайн-каталог. Біз Thefacebook-ті Гарвард университетінде жаппай қолдану үшін жасадық. Thefacebook арқылы университеттегі адамдарды іздеп; кімнің сізбен бірге курстарға қатысатынын білуге болады; Thefacebook достарыңыздың достарын іздеп, қауымдастық мүшелерінің суреттерін көруге мүмкіндік береді». 

2004 жылдың 4 ақпанында Гарвард университетінің Марк Цукерберг есімді студенті жатақханада жасалған  және фотоальбомның жетілдірілген нұсқасына айналуы тиіс өнертабысын таныстырды. Желіге әдетте америкалық университеттердің студенттері өздері туралы қысқаша ақпарат жазып, өз суреттерін салып жүрді. 2019 жылдың позициясынан қарасақ, Thefacebook әлеуметтік желісі барлығына бірдей таныс болғанымен, көпшілікке оғаш көрінеді. Парақшалар кең танылған көк түсте, ал «достар» парақшадағы элементтердің негізгі бөлшегі. Дегенмен, бұл жерде сыртқы әлемнің еш көрінісі де болмады: суреттер тек профиль иесіне тиесілі, ал үнемі жаңартылып отыратын лента мүлдем жоқ. 

Ол кездері әлеуметтік желіде барлығы – алдымен Гарвард университетіндегі, кейін Колумбия университетінің, одан соң Стэнфорд пен Йельдегі студенттердің өміріне тікелей қатысты болды. Басында бар назар кампус ішіндегі таныстықта болды, тіркелушілер бірі−біріне «көз қысып» жүрді. Ол белгіні көпшілігі өз қалауынша түсінді, бірақ бұл сүйіспеншілікті арттыра түсті. 
Дегенмен, одан кейін жағдай жылдам өзгере бастады. 2005 жылдың күзінде әлеуметтік желіні  85% америкалық колледж студенттері пайдаланды, ал олардың 60%-ы әлеуметтік желіге күнде кіретін болды. Thefacebook тіркелушілері артқан сайын әлеуметтік желі америкалық білім беру саласындағы әлеуметтік бәсекенің көрінісіне айнала бастады. The Facebook Effect кітабының авторы Дэвид Киркпатриктің айтуынша, жаңа сайтты пайдаланушылар өз профильдерін жақсартуға жетілдіре түсуге талпынып кетті. Әрине, достарымен кездесу үшін емес, өздерін желідегі «достарының» алдында тартымды ете түсу үшін. Соның нәтижесінде бірнеше міндетті талаптар пайда болды: «Профильдің дұрыс суретін табу», «Оны уақытылы ауыстырып тұру», «Өзінің әуестігін мұқият толтыру». 

Киркпатриктің жазуынша, «Фейсбукке» тіркелу бара бара қажеттілікке айналды және бұл студенттің шынайы өмірдегі таңдау жасауына да әсер ете бастады: «Студенттер баратын курстар тізімі ашық болғандықтан, олардың кейбірі белгілі бір образын көрсету үшін таңдау жасайтын. Көпшілігі Thefacebook желісіндегі курсқа бірге баратын достарына байланысты таңдау жасайтын болды».

Барлығы белгілі бір рөлді сомдап жүргендей сезім пайда болды. Мақсат – сол рөлді жақсы алып шығу. 2004 жылдың соңында Thefacebook желісінде миллион тіркелуші болды. 2006 жылдың қыркүйек айында әлеуметтік желіні жасаушылар оның атын «Фейсбук» деп өзгертті. Әлеуметтік желі кампус шеңберінен шығып, орта мектептерге де тарады. Желіге  13 жастан асқан және электронды поштасы бар адамдар тіркеле алатын болды. Дегенмен, бұрынғы принцип өзгермеді: пайдаланушылар әлемге өздерінің ең жақсы суретін көрсетіп, өздерінің мықты жағын танытуға тырысты. 

«Фейсбук» құрылғалы 15 жыл өткен соң әлеуметтік желі 2,2 миллиард тіркелушісімен, ал Цукерберг 55 миллиард долларымен мақтана алады. Ал осы аптада компания 2018 жылдың соңғы үш айында 6,88 миллиард доллар рекордты табыс тапқанын жариялады. Біздің бір білетініміз: бұл әлеуметтік желінің жетістігі көп жағдайда «Фейсбук» тіркелушілерінің өзі туралы өтірік айтатынына тікелей байланысты болды. 2016 жылы Custard анатилитикалық компаниясы екі мың британдықтардың арасында сауалнама жүргізіп, олардың тек 18%-ы «Фейсбук» профилінде өздерінің шынайы өміріне сәйкес келетін дұрыс ақпарат беретінін айтты. 

Респонденттердің 31%-ы олар «Фейсбукте» ұсынатын образдың «көп жағдайда шындыққа сәйкес келетінін, бірақ кейбір іш пыстырарлық нақтылықтың енгізілмегенін» мойындады. Ал сауалнамаға қатысқандардың 14%-ы «Фейсбукте» шын өмірге қарағанда да белсендірек екенін айтты. Сауалнама барысында ерлердің өтірікке бейімдігі белгілі болды: ер респонденттердің 43% парақшаларында ашық түрде өздері туралы жалған ақпарат ұсынғанын жеткізді. 

«Фейсбукте» әйелдер жағы орналасытратын жалған ақпараттың да дәлелі өте көп. Алты жыл бұрын OnePoll анатилитикалық компаниясы жүргізген зерттеуге қатысқан әйелдердің үштен бірі әлеуметтік желідегі «өтіріктерін» мойындаған. Әр төртінші әйел әлеуметтік желіде өтірік айтатынын немесе өздерінің өмірі туралы негізгі мәліметтерді айына бірнеше рет боямалап, әсерлі етіп беретінін жеткізген. Ал әр оныншы әйел әлеуметтік желіде аптасына бір реттен көп өтірік айтатынын мойындаған. Әйелдердің 30%  әлеуметтік желіде бір іспен айналысып жатқаны туралы өтірік айтып, сол уақытта өздері үйде бос отыратын болған. Ал әйелдердің 20% өз жұмысы немесе еңбек демалысы кезіндегі әрекеттері туралы өтірік айтқан. 

Бір қарағанда бұлардың барлығының еш маңызы жоқ сияқты көрінеді. Басқа адамдарға жақсы әсер қалдыру, белгілі бір рөлге ену, өтірік айтуға апаратын басқа да әрекеттер адамның табиғатында бар нәрсе болуы да мүмкін. 

Дегенмен, «фейсбук» дәуірінде адамның дәстүрлі іс−әрекетінде айтарлықтай өзгеріс болды. Бұрын біз белгілі бір «рөлге» енсек, арасында үзіліс жасап, өзіміздің «Менімізбен» оңаша қалатын едік. Ал қазір біз смартфондарға үздіксіз қарап, түрлі қосымшаларға тәуелді болып қалдық. Біздің үзіліс жасауға уақытымыз бар ма? 

Фейк жаңалықтар, «Фейсбуктің» ксенофобияға көзқарасы, жеке мәліметтерді көптеп алуға деген талпынысы бұл әлеуметтік желінің біздің өмірімізге кері әсер ететін ең қауіпті тұсы. 
«Фейсбук» инновациялары біздің әлеуметтік өміріміз бен жеке өміріміздің шекарасын бұзды. Адамның жеке өміріне қатысты интим тақырыптар көпшілікке қолжетімді болды. Ең бастысы, біз адам болудың не екенін; басқалардың пікірі мен назарын қажет етпеген кездері, басқалардың бағасын алуға ұмтылмайтын кездері қандай екенімізді ұмыта бастадық. Біз осы туралы білеміз бе? 

Қоғамдық «Мен» және жеке «Мен» арасындағы барьердің бұзылуы әсіресе өзіндік «Мені» әлі қалыптаспаған адамдар үшін өте қауіпті. Мен жасөспірім шақта басталып, 25 жасқа, кейде одан да ұзаққа созылатын кезеңді айтып отырмын. Бұл уақытта қатарластарының көңіл−күйіне тәуелді болу деңгейі жоғары, сонымен қатар «әлеуметтік салыстыру» көрсеткіші де көкке жетеді. Бұл барлығымызға белгілі: сіз өз ортаңыздың барлық талаптарын орындауға тырысасыз, «крутой» болғыңыз келеді, кез келген жолмен күлкіге қалудан қашуды ойлайсыз. Алдымен бұл сыртқы көріністен, киім-кешектен басталады. 

Америкалық экономист Шошана Зубоф «Фейсбук» пен «Гугл» туралы жазылған The Age of Surveillance Capitalism атты трактатында әлеуметтік желінің өмірдің осы кезеңінде не себепті ықпалды болатынын жазған. «Әлеуметтік желі әлеуметтік салыстырулардың артуына алып келді. Бұл ең алдымен осы кезеңде үнемі онлайн отыратын жастарға қатысты. Бұл кездері жастар жеке тұлға ретінде қалыптасып үлгермейді, өз пікірі және рухани жауапкершілігі болмайды. Қазіргі кезеңдегі әлеуметтік желідегі қарым-қатынас нәтижесінде әлеуметтік салыстырулардың психологиялық цунамиі пайда болды», деп жазады ол. Автор бұл жағдайды «басқалардың көз алдында өтетін өмір» деп сипаттап, одан басқа өмірі болмауы мүмкін екенін және ол адамға ауыр тиетінін айтқан. 

Мен он алты жастағы жасөспірім болудың қандай екенін білемін. Қатарластарымның мазағын, қысымын және өзімнен жақсы адамдарға ұқсағым келетін еліктегіштігім де есімде. Мен күнде үйге жеткен соң өз-өзіме келу үшін жалғыздықта ұзақ отыратынмын. Дәл сол минуттарда, өз-өзімен жеке қалғанда мен өзімнің кім екенімді түсіне бастадым. Егер сол кездері маған біреу жақында қатарластарыңның алдында ұйқыға кеткенше үздіксіз рөл ойнайтын боласың десе, мен айғайлап жіберетін едім. Дегенмен, миллиондаған жасөспірімнің қазіргі күнделікті шынайы өмірі осындай болып кетті және біз оның салдары қандай болатынын білеміз. 

Осы аптада Радио, телевидение және байланыс кәсіпорындары басқармасы жариланған баяндамаға сенсек, 12 мен 15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 70% минимум бір әлеуметтік желіде профиль бар. 8-11 жас категориясында бұл көрсеткіш 18 пайызды құрайды. Басқарманың хабарлауынша, жасөспірімдер аккаунтының мазмұны «өзінің «идеал» бейнесін көрсетуге бағытталған». Сарапшылардың көпшілігі әлеуметтік желі мен стресс, депрессияның арасында тікелей байланыс бар екенін анықтағаны белгілі. Бұл көбіне онлайн кемсіту, басқалардың профилін көре отырып өзін бағаламау секілді жағдайларға да байланысты. Білім беру институты жүргізген Millennium Cohort Study зерттеуіне сенсек, әлеуметтік желіде күніне бес сағаттан артық отыраты қыздардың 40% депрессия белгілері байқалған. Millennium Cohort Study зерттеуіне 21 ғасыр басында дүниеге келген 19 мың адам қатысқан. Ал 2017 жылы Денсаулық сақтаудың корольдік қоғамдастығы (Royal Society for Public Health) жүргізген зерттеуі бойынша  жастардың көпшілігі әлеуметтік желілердің олардың психологиялық денсаулығына кері әсер ететінін мойындаған. Психологиялық денсаулық мамандары бұны әлеуметтік желі кесірінен туған өз-өзіне сенбеушілік пен үрейтің артуымен байланыстырады. 

«Фейсбук» әлеуметтік желісін қорғаушылар бұл әлеуметтік желінің жастар арасындағы танымалдылығының азайып жатқанын айтатын шығар. Себебі бүгінде жастар «Снэпчат» (Snapchat) пен «Инстаграмды» құп көреді. Дегенмен, миллиондаған жастар әлі де «Фейсбукті» пайдаланады. Ал «Инстаграм»  Цукерберг компаниясына тиесілі. Бір айтарым, қай әлеуметтік желіде отырмасын, көпшілігі жас айырмашылығын ұмытып, өздерін жастар секілді ұстайтын болды. Бұл пайдаланушылардың әлеуметтік желілерді асыра пайдалануының жағымсыз әсері. 
Үнемі бір рөлді ойнау қажеттілігі, қатарластарының қолдауын табуға ұздіксіз ұмтылу және басқалардың сен туралы не ойлайтынына алаңдау — бұл негізінен жасөспірімдерге тән әрекет. Дегенмен, бүгінгі таңда адамдардың көпшілігі минут сайын осындай әрекеттерін көрсетіп жатыр. Бұл ең алдымен «Фейсбукте» көрініс табады. Марк Цукерберг жасаған әлеуметтік желінің он бес жылдығы артқа бір қадам жасауға берілген мүмкіндік емес пе? Жаһандық ұжымдық дамудың кері кеткенін, оның кері әсерінің көп екенін ойланатын уақыт келген сияқты. 
Бір-біріне ұқсаған комментарийлер алу үшін «Фейсбук» желісінде суретіңді жиі ауыстырып отыру — 25 жастан асқандарға да тән қылыққа айналды. Дегенмен, не ішіп, не жегеніңді айтып пост жазу немесе итің туралы жүрекжарды сөзіңді жеткізудің еш қажеті жоқ. Адамның жасына қарамастан барлығына өз өзімен тыныштықта қалып, өмірдің дәмін татқан маңызды. Бірақ біздің көпшілігіміз бұл сәттерді қалт жіберіп жатырмыз. 

Жақында Джаз Монро атты автордың сайттардың бірінде «Керемет кітапты оқып біткен соң оны қабылдап, ой түйген маңызды. Ал біз кітапты оқып бітіре салып смартфонымызға жүгіреміз» деп жазғаны ұнады. 

XXI ғасырда концертке жиналған адамдардың барлығы бір-бірімен үздіксіз әңгіме-дүкен құрады. Бұл жағдайға мен әлеуметтік желі мен смартфондар кінәлі деп ойлаймын. Әлеуметтік желідегі белсенділік үздіксіз салыстыруларға апарады. Сонымен қатар «Фейсбук» адамдардың өмірдің кереметі және толқытатын ғажайып екенін айтатын басты құралға айналды. 

Виртуалды өмір пионері Джарон Лание «Әлеуметтік желілердегі аккаунттарды өшіруге он аргумент» (10 Arguments for Deleting Your Social Media Accounts Right Now) атты еңбегінде біз әлеуметтік желі лентасын үздіксіз жылжытып отырғанда не болатынын жақсы жеткізген: «Миымыздағы әлеуметтік әрекеттерге жауап беретін терең механизмдер бізді басқалардан қалып қалудан қорқатын дәрежеге жеткізіп, саваннада жыртқышқа құрбан болмауға тырысқан әлсіз жануарға теңестіреді». 

«Фейсбук» әлемді шуы басылмайтын, адамның тыныштығын бұзатын үлкен жатақханаға айналдырып жіберді. Цукербергтің «адамдарды байланыстыру» мақсатына қарсы аргумент ретінде кейде адамдар өз өзімен жеке қалуды қажет ететінін айтар едім. Айналдырған 15 жылдың ішінде біз бұл шындықты ұмытып үлгердік пе? 

0 пікір
Мұрағат