Ғаламдық мәселе: Пластика қалдықтары зиянды химиялық заттар бөлінуде
Ғаламдық мәселе: Пластика қалдықтары зиянды химиялық заттар бөлінуде
4 жыл бұрын 7706 Маржан Сәбет

Қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу ғаламдық мәселенің біріне айналған. Әсіресе, пластмасса қалдықтары экологияға кері әсерін тигізіп, табиғи апаттарға себепші болып отыр. Бұл жайында nege.kz ақпарат көзінің материалын назарларыңызға ұсынамыз.

Пластмасса мен басқа да синтетикалық материалдар пайда болған өткен жүзжылдық экологияға үлкен зиян тигізді. Өндіріс иелері қалталарының қалыңдығын ғана ойлап, қоршаған ортаға келетін зардапты екінші орынға ысырып қойған. Тұтынушылар көп тауар сатып алып, ескісін қоқысқа тастайды. Ал ол қоқыс жан-жағын ластап сол жерде бірнеше жыл бойы жатып қалады.

Пластмассаларды жерге тастағанда ұсақ бөлшектерге ыдырайды да, өзінен қоршаған ортаға зиянды химиялық заттарды бөле бастайды. Жер асты сулары арқылы пластиктің ұсақ түйіршіктері және оның химиялық заттары ең жақын су көздеріне түседі, бұл жануарлардың жаппай қырылуына әкеледі.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұл мәселені шешудің оңтайлы жолдары жетерлік. Мәселен, Швейцарияда әрбір азамат қоқысты сұрыптап төгуге міндетті. Пластмассаны пластмассаға, қағазды қағазға, темірді темірге тастайды. Әрқайсысына арналған жеке қоқыс жәшіктері орнатылған. Соның арқасында қоқыс қалдықтарының 90%-ы қайта өңделеді.

Бір реттік ыдыс, қалталар, қаптамалар, бөтелкелер және түрлі пішіндегі қалыптар —  күнделікті «өндіретін» пластикалық қалдықтардың ең көп тараған түріне жатады. Қазақстанда қалыптасқан көлемнің тек 28,7 пайызы ғана қайта өңделеді екен.

Елімізде қазір осы мәселені «Jasyl Arystan» ЖҚ өткір көтеріп жүр. Экологтар ел үкіметіне және Экология министрлігіне Қазақстанда тұрмыстық пластика қалдықтарын қайта өңдеу туралы алғашқы заңды әзірлеу және қабылдау туралы қаулы жіберді. Олар зиянды пластиктерді ұқсас материалдармен алмастырып, қалдықтарды бөлек жинау жүйесін заңнамалық деңгейде реттеу керек деп есептейді.

Пластикалық қалдықтар: Қоршаған ортаны таза ұстауды өзімізден бастайық!

Бір реттік қолданысқа арналған пластиктен жасалған заттар ғаламдық дертке айналды. Ғаламшарды ластап қана қоймай, адам денсаулығына зиян тигізіп отыр. Пластикалық ыдыстардың асым бөлігі азық-түлік өнеркәсібінде қолданылады.

Пластиктен жасалған ыдыс, шөлмек, пакеттер топырақта ұзақ жыл ыдырайды. Олар жылдар бойы өте ұсақ бөлшектерге ажырап, қоршаған ортаға химиялық заттар бөледі. Сондай-ақ, оның ұсақ түйіршіктері мен химиялық қосындылары жерасты сулары арқылы жануарлардың жаппай қырылуы мен адамдардың түрлі ауруға шалдықтыраы. Осының салдарынан қазір жер бетінде жануарлардың 800-ге жуық түрінің жойылып кетудің алдында тұр.  АҚШ ғалымдары жасаған зерттеулерде пластикалық ыдыстарды көп тұтынатын адамдарда бауыр ферменттері көбейіп, ішек-қарынның майлануы артқан. Ал  кофе және шай секілді ыстық сусындар үшін қолданылатын пластикалық стақандар канцерогенді зат ретінде белгілі болған бензолдан жасалады. 

Пластиканың балаларға тигізер зияны көп. Тіпті кішкентай сәбилерге тамақ беріп жүрген шөлмектердің өзі зиянды. Оның барлығы баланың өсу процессіне кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар, тамақты пластикалық ыдыстың ішіне салып ысыту адам денсаулығын нашарлатады. Мұныі барлығы зерттеулер кезінде анықталған. 

Сондай-ақ, тұзды және қышқылды тағамдар пластикалық ыдыстың құрамын бұзып, зиянды бисфенолдың азыққа араласуына себеп болады. Тосап, қызанақ, қияр секілді азықтарды қысқы мезгілге дайындап, ұзақ мерзімге сақтау үшін пластикалық ыдыстарды мүлде пайдаланбау керек. 

Пластика қалдықтарынан келетін зиянды қалай азайтуға болады? Оның алдын алу жолдары бар ма?

Бұл мәселені түбегейлі шеше алмасақ та, әрқайсымыз қоршаған ортаны таза ұстауды өзімізден бастағанымыз дұрыс. 

Қайта өңделген пластмассадан не істеуге болады?

Қоқыс полигондары пластика қалдықтарына толып жатыр. Миллиондаған тонна пластикадан жасалған бөтелкелер топырақты улап, өзендер мен мұхиттарды қоқысқа айналдырды.

Дегенмен, дұрыс тәсілмен қайта өңделген пластика қалдықтарын қайта қолдануға болады. Пластмассаны екінші рет тұтыну үшін барлық талаптар толық сақталуы керек. 

Пластикадан киім қалай дайындалады?

Қоқыс жәшіктерінің шамамен 30%-ы пластмассадан тұрады: бір реттік ыдыс-аяқ, үйден шыққан пластиктен жасалған бұйымдар, тамақ пен жуғыш заттардың орамдары. Сонымен қатар, пластмассаның негізгі бөлігіне - сусындардың бөтелкелері жатады.

Қазір синтетикалық талшықтар табиғи талшықтардан нашар болады деген күндер артта қалды. Замануаи жолмен өндірілген синтетикалық киімдер терінің тыныс алуына кедергі келтірмейді және киюге ыңғайлы. Әсіресе, спорттық киім өндіріс үшін аса қажет. Олар тозуға төзімділікті арттыру үшін табиғи талшықтарға - мақта, зығыр, жүн, сондай-ақ жасанды талшықтарға (вискоза) қосылады. 

Қайта өңделген пластикалық киімдерге: джинсы киімдер, жүннен тоқылған жемпірлер, аяқ киім, бас киімдер, аксессуарлар, жасанды былғары терілер жатады.

ХХІ ғасырда полиэфирлі киім мақтаға қарағанда кең тарады. 

Қайта өңделген пластика қалдықтарынан киімді кімдер тігеді?

Өткен ғасырдың 90-жылдары пластикалық қалдықтардан киім өндіру басталды. 2002 жылы канадалық Dsquared2 сән үйі Recycled топтамасын ұсынды. Модельдер сән көрсетілімінде подиумға қоқыс салатын сөмкелерді алып шықты. Жаңа бастаманы қолдаушылар көп болды, артынан дәл осы тәсілмен киім өндіретін ізбасарлары көбейді. 

2008 жылы арзан брендтегі қайта өңделген пластиктен алғашқы өнімдер ұсынылды. American Apparel компаниясы Жер күніне орай қайта өңделген бөтелкелерден аксессуарлар топтамасын шығарды. Көп ұзамай қоршаған ортаны қорғау шараларына Adidas та қосылды.

Арнайы экологиялық таза желінің өнімдері толығымен қайта өңделген пластикалық қалдықтардан жасалды. 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының 70 000 еріктісі Adidas-тың эко-пластиктен жасалған киімдерін киді. 

Танымал әнші Фаррелл Уильямс спорттық брендпен серіктес болып, мұхиттан жиналған пластмассадан жасалған киім топтамасын шығарды. Adidas-тан кейін эко-эстафетаны Nike корпорациясы қабылдады. 2013 жылы олар қайта өңделген полиэстерден Манчестер Сити футбол клубына арналған форма дайындады. Қайта өңделген пластиктен жасалған киім өндірісіне Levi ' s, Asics, Topshop, Marks&Spencer, Max Mara, H&M, Patagonia және басқа брендтер қосылды.

Қазақстанда пластика қалдықтарын қайта өңдеп, киім дайындау жұмысы қолға алынбаған. Дегенмен, «Jasyl Arystan» ЖҚ пластика қалдықтарын қайта өңдеу ісін қолға алуды алға тартып жүр. Ол бір күннің не болмаса бір жылдың шаруасы емес. Алдағы уақытта бізде де эко-пластика өндірісі жанданатынып қалуы мүмкін.

0 пікір
Мұрағат