"Арызын қайтарып алса да жазаға тартылады". Әлем елдерінде тұрмыстық зорлық-зомбылық жазасы қандай?
"Арызын қайтарып алса да жазаға тартылады". Әлем елдерінде тұрмыстық зорлық-зомбылық жазасы қандай?
5 жыл бұрын 3479 Сымбат Сатыбалдина

Қазақстанда әйелдердің үлесі - 52 пайыз. ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 919 дерегі тіркелген. Шамамен жылына 400-і қайтыс болады. Көршілес Ресейде де тұрмыстық зорлық мәселесі өзекті. Себебі, 146 миллионнан аса халқы бар елде жылына 16 миллион ресейлік зорлық құрбаны болады. Tengrinews.kz тілшісі тұрмыстық зорлық мәселесіне қатысты шет елдердегі статистикаға шолу жасады. 

Ресей 

Статистика бойынша жылына 16 миллион ресейлік зорлық құрбаны болады екен. Былтыр тамызда Ресейдің қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық туралы заңды күшейту үшін петиция дайындаған. Оған 735 мыңдай адам қол қойған. 

Бүгінде Ресейде тұрмыстық зорлық қылмыстық жауапкершілік болып саналмайды. 2017 жылы ел президенті қабылдаған құжат бойынша туысы немесе жақынына қол көтерген жағдайда кінәлі адамның әрекеті тек әкімшілік құқық бұзушылық болып есептеледі (оқиға бірінші рет болған жағдайда). 

Түркия

Бүгінде түрік елінде де тұрмыстық зорлық жасаған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Статистика бойынша Түркияда 2017 жылы тұрмыстық зорлықтан 238 әйел мен 4 қыз, ал 2018 жылы 440 әйел қайтыс болған. Осы жантүршігерлік статистиканы түрік суретшісі Уаһит Туна Ыстамбұлдағы үйлердің біріне әйел адамның 440 жұп туфлиін іліп көрсеткен. 

© instagram.com/vahittuna

БҰҰ мәліметінше, түркиялық әйелдердің 38 пайызы өмірінде кемі бір рет ер адамның тарапынан физикалық немесе жыныстық зорлық көрген. Биыл 31 қаңтарда кәмелет жасына толмаған қыздарға зәбір көрсеткен жағдайда жауапкершіліктен құтылуға жол беретін заң жобасын дайындаған. Яғни, енді заң бойынша егер зорлық көрсеткен ер адам жәбірленушімен үйленсе, ол тағылған айыптан босатылады. Заң Түркияның парламентінде талқыланған. 

Қырғызстан 

Қырғызстанның Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық саны жыл сайын өсіп жатыр. Мәселен, 2012 жылы 2415 дерек, 2017 жылы 7114 дерек тіркелген. Ал 2019 жылғы статистика бойынша, 8159 тұрмыстық зорлық дерегі анықталған. Оның 554-і ғана сотқа жеткен. Ал 7045 іс бойынша зардап шеккен тараптан шағым түсіп, талаптар қайтарылған. Одан бөлек, көршілес елдің ІІМ мәліметінше, зорлық әрекеттерінің 70 пайызы ішімдікке әуес отбасыларда болады екен. 

Биыл 16 қаңтарда Қырғызстан парламентінде тұрмыстық зорлыққа қатысты заң жобасына енгізілетін өзгерістер талқыланған. Жаңа заңнама нормасына сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған адамға жергілікті тергеу органдары үш күннен 30 күнге дейін уақытша күзет ордерін береді.

Өзбекстан

"Әйелдер, бизнес және заң - 2016" әлемдік банкінің баяндамасына сәйкес, Өзбекстан - тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекетіне тыйым салынатын заңы жоқ елдердің бірі болған. Өзбек еліндегі зорлық әрекеттері көбіне ашық күйінде қалатын көрінеді. Себебі, зәбір көрген әйел адам ажырасар алдында махала комитетінен рұқсат сұрауы керек. 

Бірақ, көбіне махала ақсақалдары мен комитет қызметкерлері екі бөлек кеткісі келетін әйелдерді райынан қайтарып, күйеуі мен енесіне көнуге мәжбүрлейді екен. 

Өзбек елінде әйелдердің құқығын қорғайтын заң былтыр қыркүйекте қабылданған. Заң бойынша жәбірленуші әйел күзет ордерін (30 күн), тегін экономикалық, медициналық және психологиялық көмек ала алады. 

Қабылданған заң бойынша, зорлықтың төрт түрі бар. Олар: жыныстық, физикалық, экономикалық және психологиялық. Әйел адамның ар-ожданына нұқсан келтірілген жағдайға әкімшілік не қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған. 

Одан бөлек, бүгінде Өзбекстанда тұрмыстық зәбір көрген адамдарға арналған 165 оңалту орталығы бар. 

АҚШ

АҚШ-та тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен адам жәбірленуші полициядан арызын қайтарып алған күннің өзінде жазаға тартылады. Америкалық полицейлер тұрмыстық зорлық туралы қоңырауларға жауапкершілікпен қарап, жәбірленуші шағымданған кезде бірден оқиға орнына келеді екен.

Полиция жәбірленушінің жарақат алған-алмағанын тексеріп, пәтерді аралап шығады. Жәбір көрсетілгені туралы айғақ табылған жағдайда кінәлі адамды 24 сағатқа түрмеге қамайды. Осы 24 сағат аралығында сот болып, үкім шығарылады. Шағым қайтарылып алынған күннің өзінде істі штат қарастырады. Бұл шешім көптеген жәбірленуші шағымын қайтарып ала беретіндіктен қабылданған. 

Әдетте кінәлі адам бірінші ескерту алып, терапияның 26 сессиясынан өтуі керек: аптасына 1 сағат, яғни, емделу жарты жылға жалғасады. Терапияның шығынын айыпталушының өзі төлейді. 

Қазақстан

"БҰҰ-Әйелдер" ұйымының мәліметінше, жыл сайын Қазақстанда 400-дей әйел тұрмыстық зорлық салдарынан қайтыс болады. Жалпы Қазақстанда тұрмыстық зорлықтан зардап шеккен адамдардың нақты саны белгісіз. 2018 жылы, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметтеріне сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 919 дерегі тіркелген.

Ал заң бойынша зәбір көрсеткен адамға ескерту жасалып, жағдайдың дәрежесіне байланысты 24 сағатқа дейін әкімшілік қамауға алынады. Сот лайық шешімін шығарады. Егер ескерту шарасы жеткіліксіз болса, сот айыпталушыны 15 тәулікке қамауға алуға құқылы.

Тұрмыстық зорлық дерегі анықталған жағдайда бірден полицияға хабарласқан жөн. Ішкі істер органдарының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімдерінің нөмірін мына жерден көруге болады. 

0 пікір
Мұрағат