KAZINFORM — Массачусетс технология институтының (MIT) зерттеушілері қозғалыс процесінде табиғи жолмен және қалыпты жылдамдықпен жүруге мүмкіндік беретін революциялық протез жасап шығарды, деп жазады ВВС.
Бионикалық аяқ иесінің ми белсенділігін арттырып, оны қозғалысты басқаратын маңызды бұлшықеттердегі нервтермен байланыстырады.
Зерттеу авторы, профессор Хью Херрдің айтуынша, алғашқы сынақ нәтижесі керемет және болашақта аяқ-қол протезінің жасалуына ықпал етуі мүмкін.
Массачусетс ғалымдары тізеден төмен аяғынан айрылған адамдарға жаяу жүруге көмектесу мақсатын көздеді.
Әдетте аяқтың ампутациясы кезінде бұлшықеттің ұшы бұралып, протезге жұмсақ төсем жасайды, бұл оны барынша ыңғайлы пайдалануға мүмкіндік береді.
Алайда, бұл жүйке ұштарын және аяқтың табиғи қозғалысын бақылау мүмкіндігін жоғалтады.
Жаңа технологияны қолданған кезде алдымен ампутация кезінде немесе кейінірек аяқтағы маңызды бұлшықет талшықтарын біріктіру үшін операция жасау керек.
Осыдан кейін бұлшықеттегі арнайы қондырғы роботты бақылаушыға сигнал жібереді, ал ол «ақылды» протезге аяқты қаншалықты бүгу керегін және жүру кезінде қандай күш қолдану керегін есептеуге мүмкіндік береді.
Бұлшықет нервтерінен алынған ақпарат алдымен протезге, содан кейін пациентке беріледі, бұл кәдімгі аяқтың жұмысына ұқсайды.