Әлемдегі алғаш рет сутегімен жұмыс істейтін электр велосипед жұртшылық назарына ұсынылды (видео)
|
Инновациялық Alpha Neo электрлік велосипеді әлемде алғаш рет аккумулятордың орнына сутегі отынның элементтеріне ие болды. Бұл жайында islam.kz порталы cursorinfo.co.il ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қоршаған ортаға залал келтірмеу мақсатында француздық Pragma Mobility компаниясы сутегімен жұмыс істейтін Alpha Neo велосипедтерінің жаңа буынын жұртшылық назарына ұсынды. Аккумулятордың орнына сутегі отын элементтерін алған электровелосипед небәрі 2 минутта қуатталып, сағатына 25 шақырым жылдамдықпен қозғалады. Велосипедтің артқы дөңгелегіне қуаты 350 Вт (0,5 а.к.) электр қозғалтқышы орнатылды. Аккумулятордың орнына алынбалы отын ұяшығы блогы беріледі. Олар сутегімен әрекеттесу арқылы электр энергиясын шығарады. Сутегі миниатюралық алынбалы цилиндрде 300 бар қысымда сақталады. Бұл меже 150 шақырым жол жүруге жеткілікті. Велосипедті құрастырушылар бұл қондырғының 15 жылға дейін жұмыс істейтініне уәде беріп отыр. Сондай-ақ, электровелосипед дискілі тежегіштермен, жарықдиодты оптикамен және сандық аспаптар панелімен жабдықталған. Электрлі велосипед 2023 жылдың маусымынан бастап шығарыла бастайды. Алғашқы алты айда 1000 Alpha Neo құрастырылады, деп жоспарлануда. Электрлі велосипедтің құны 5640 еуроны құрайды, велосипед айына 79 еуроға лизингке ұсынылады.