2025 жылға дейін супербактериядан 1 млн-ға тарта адам өледі
2025 жылға дейін супербактериядан 1 млн-ға тарта адам өледі
4 ай бұрын 562 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Ғалымдар антибиотикке микроорганизмдердің төзімділік қалыптастыруынан болатын экономикалық және медициналық шығынды есептеді. Бұл жайында islam.kz порталы The Guardian мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Мемлекет тарапынан қаржылық қолдау көрсетілген Британиядағы жаһандық даму орталығының ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, микробтардың дәрі-дәрмекке бой бермеуі салдарынан ширек ғасырда бір миллиондай адам көз жұмып, күллі әлем жыл сайын жаһандық жалпы ішкі өнімге шаққанда 1,7 трлн доллар шығын тартуы мүмкін. Бұл бағыттағы зерттеу 122 елді қамтыған екен. Тарқатып әрі нақтырақ айтқанда, 2050 жылға таман инфекциялық аурулардан Қытай жылына 722 млрд долларын жоғалтатын болады, ал Америка құрама штаттары – жылына 295,7 млрд доллар, Еуропалық одақ – жылына 187 млрд доллар, Жапония – жылына 65,7 млрд доллар, Ұлыборитания – 58,6 млрд доллар. Бір ғана АҚШ-тың өзінде бактериялардың антибиотикке төзімділігінен жыл сайын 1,34 млн адам қаза табады. Супербактериялардың пайда болуына байланысты ауруханаға жатқызылатын науқастар саны өсіп қана қоймай, сонымен қатар, емханада жату мерзімі созылады. Бұдан басқа, неғұрлым қымбат дәрі-дәрмек қолданылатын болады және сырқат жандарды күту процедурасы күрделі сипат алады. Яғни, дерті ауыр науқастарды күтуге тура келеді. Бұлардың барлығы бүгінгі көрсеткішпен салыстырғанда емдеудің екі есе қымбатқа түсетінін білдіреді. Қауіпті микроорганимздердің дәрі-дәрмекке төзімділігінің қалыптасуына ең алдымен антибиотиктің жиі қолданылатыны себеп болып отыр. Осыны ескерген ғалымдар ет өнімдерінде антибиотикті қолдану мөлшерін азайтып, тиімді екпелер ойлап табуды алдына мақсат етіп қойды.

0 пікір
Мұрағат