Ядролық баланс: Таралу мен тежелу
Ядролық баланс: Таралу мен тежелу
5 жыл бұрын 2678 abai.kz Оралбек Өтеғұлов

Тарихи деректерге сүйенсек, Екінші дүниежүзілік соғыс басталмас бұрын Еуропадағы фашистік тәртіптен қашқан ғалымдар АҚШ-қа келіп, ядролық қаруды жасауға қызығушылық танытқан екен. 1940 жылы Америка үкіметі Ұлттық ғылыми және әскери зерттеу орталығында осы ғалымдардың басын біріктіріп, жеке ядролық қару жасау жобасын қаржыландыра бастайды. Сөйтіп, құпия мақсатта АҚШ-тың инженерлік және байланыс әскері «Манхэттен жобасы» атты бағдарламамен құпия орталықтың құрылысын қолға алады. Келесі бір-екі жыл көлемінде ғалымдар fission-uranium-235 және плутонийдің (Пу-239) негізгі материалдарын дайындаумен айналысады. Атом бомбасы  Дж. Роберт Оппенхеймердің басшылығымен Нью-Мексика штатының Лос-Аламос деген жерінде іс жүзінде сынақтан өткізіледі. Ядролық қару өзінің алғашқы күшін осы жерде көрсетеді. Осыдан соң әлемде қарудың осы бір түріне қызығушылық күрт артып, мұның арты қырғи-қабақ соғысқа алып келді.

Қазіргі таңдағы ядролық қаруды тежеу мен ядролық қарудың таралуы түсінігі соңғы 70 – жылдан бергі тарихтың ең өзекті мәселелерінің бірі. Осы аралықта ол халықаралық қауіпсіздіктің басты нысаны ретінде қаралып келеді. Осы бір екі түсініктің өзара қатынасын немен салыстыру көруге болады деген сұрақ көтерілгенде, оларды бір-бірімен жалғасқан қан тамырларымен салыстырғаннан артық мысал таба алмаймыз. Бір-бірімен жалғасқан тамырлар, міне, осы халықаралық саясаттағы ядролық фактор. Олар шынымен де бір-бірімен мықтап матасқан және де кезек-кезек алдынғы орынға шығып отырады, сондай-ақ бір-біріне ықпалы өте күшті. Алдымен осы екі түсінікке жеке-жеке тоқтала кетейік: ядролық тежеу дегеніміз не? Түсінікті тілмен айтқанда - бұл ядролық қару қолдану қаупімен қарсыластың қандайда бір басқыншылық әрекетінің алдын алу. Яғни, сіз қарсылас жақты сізге қарсы ядролық қару қолданатын болса сіз де солай жасайтыныңызды айтып қорқытасыз. Міне, ядролық тежеу дегеніміз осы. Ал ядролық қарудың таралуы дегеніміз көптеген мемлекеттердің қандай жолмен болса да ядролық қаруға қол жеткізуі. Ең бастысы, соңғы уақытта көріп отырғанымыздай, мемлекеттік емес құрылымдардың, яғни халықаралық террористік ұйымдардың ядролық қаруға қол жеткізуге деген жанталасы, оған қол жеткізіп өз мақсаттарына қолдануға ұмтылуы. Ядролық қарудың таралуы дегеніміз осы. 

Осы екі құбылыс бір-бірімен тығыз және диалектикалық байланыста. Дегенмен де, ядролық тежелу - ядролық қаруға ие мемлекеттердің қолында және де ол аталған мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігін, сондай-ақ әлемдік аренада олардың мүдделерін қорғаудың тиімді құралы ретінде қарастырылады. Сол себептен де көптеген мемлекеттерде қарудың осы бір түрін иеленуге ұтылыс пайда болады. Осыдан келіп ядролық тежеу ядролық таралуға ұласады. Және керсінше де болады. Мұның керсінше байланысы да бар. Ядролық қаруы бар мемлекеттердің клубының кеңеюі тежелуді әлдеқайда күрделендіреді және кейбір жағдайларда тұрақсыз болып келеді.

Мемлекет ядролық таралуы арқылы ядролық қарудың санын мейілінше көбірек аттыруы ядролық тежелуді қамтамасыз етеді – себебі, мемлекетте өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ядролық қаруды ұстағаннан өзге амалы қалмайды. Алғашында бір қарсыласына қарсы, сосын екі, үш, ақырында ондаған. Қолында ядролық қаруы бар мемлекеттер сонымен қалғысы келеді. Мысалы: Қырғи-қабақ соғыс аяқталған соң жұрттың бәрі Ресей мен АҚШ өзінің ядролық арсеналын қысқартуда елеулі қадамдарға барады деп күтті. Алайда олай болған жоқ. Айтарлықтай үлкен көлемде қалды. Тек тоқсаныншы жылдардың соңында ғана аталған ел басшылылары Мәскеуде АҚШ пен Ресей алдағы 10 жылдықта әртүрлі стратегиялық класқа жататын ядролық оқтұмсықтардың санын шамамен 2000 данаға дейін қысқарту уағдаластыққа қол жеткізді. Осыдан кейінгі шығарылған ең негізгі түйін келесідей: әлемде ядролық қарудың таралуы жүріп жатыр. 10 жылға арналған перспектива тек сол 10 жылдың ішінде ғана орындалуы керек. Ешкім де одан әрі қысқартуға баруға тәуекел еткісі келмейді. Әлемдегі ең үлкен ядролық арсеналға ие ұлы державалардың одан да тереңірек қысқартуға барғысы келмейтіні түсінікті. Бұл өз кезегінде ядролық қаруға ие өзге мемлекеттерге өз арсеналдарын аталған шекке дейін еш кедергісіз жеткізуге жол ашады. Міне, жоғарыда аталған екі маңызды құбылыстың диалектикалық өзара қатынасы дегеніміз осы. 

Әрине, ядролық тежелу мен таралу тең дәрежедегі факторлар емес. Қырғи-қабақ соғыс жылдарында, әсіресе өткен ғасырдың 60-жылдарының басымен 90-жылдардың басында ядролық тежелу әлем назарында болды. Ол кезде әлемде екі ұлы держава болды – Америка Құрама Штаттары мен Кеңес Одағы және олардың одақтастары болды. Олар дүниені қақ жарып өздерінің ықпал ету аймақтарына бөліп алды. Олар сондай-ақ аса үлкен көлемде ядролық потенциал жасау арқылы өзара қару-жарақ жарысына түсті. Бұл жарыстың ең қатты қызған кезінде – 1985 – жылы әлемде 70300 стратегиялық және тактикалық ядролық оқтұмсық болса, олардың 70 мыңы аталған екі державаға тиесілі болды. Кеңес Одағы 40 мың, Құрама Штаттар 30 мың шамасындағы ядролық оқтұмсыққа иелік етті. Оқтұмсықтардың басым көпшілігі 1945 – жылы тамыз айында Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына тасталған ядролық бомбалардан әлдеқайда қуатты болды. Сол себептен де ядролық таралу ол кезде екінші орынғады мәселеге айналды. Себебі, аталған екі алыптың ядролық жарыста бақталастығы бүкіл әлемдік саясатты анықтап отырды. Олардың қарқынына ядролық қаруға ие өзге мемлекеттер ілесе алмайтын еді.  

№1 кесте 

Қырғи-қабақ соғыс аяқталған соң жағдай тез өзгерді. Ядролық ұлы державалар арсеналдарын үлкен көлемде сақтап қалғанына қарамастан ядролық тежелу, әсіресе, екі державаның арасындағы ядролық тежелу екінші орынға ығысты. Себебі, Кеңес Одағы құлаған соң оның орнын басқан Ресей мен АҚШ бұдан былай жанталаса қарулануда бақталастар саналмайтын және орындың арасындағы соғыстың болу қауіпі төмен болды. Ал алдынғы қатарға ядролық қарудың таралу мәселесі шықты. Екі державаның ядролық жарысының көлеңкесінде біраз өзге мемлекеттер де ядролық қаруға қол жеткізіп алған еді: 1952 – жылы Ұлыбритания, 1960 – жылы Франция, 1964 – жылы Қытай, 1974 – жылы Үндістан, 1979 – жылы Израиль т.б. Ядролық қаруға ие мемлекеттердің қатары да, олардың арсеналдары да жылдан-жылға өсе түсті. Ядролық қаруға қол жеткізуді көздейтін мемлекеттердің де қатары аз емес еді. Бұл өз кезегінде әлемдік саясатты күрделендіріп жіберді.

Қазіргі таңда әлемде 9 мемлекет ядролық қаруға иелік етеді. Олардың ядролық потенциалы келесідей:

2018 – жылғы дерек бойынша қазір әлемде 14,485 ядролық оқтұмсық бар. Оған қоса әлемнің 5 ядролық қаруға ие емес мемлекетінің территориясында ядролық қару сақталып тұр. Олар: Бельгияның Клейн Брогел әскери базасында 10-20 шамасында, Германияның Бючел базасында 20, Италияның Геди Торре базасында 40, Авиано базасында 50, Нидерландының Волкель базасында 22 және Түркияның Инджирлик базасында 60-70, жалпы саны - 202-222 аралығындағы ядролық қару бар [4]. Бұлардың барлығы да АҚШ-қа тиестілі қарулар. Аталған мемлекеттер АҚШ-тың НАТО-дағы одақтасы ретінде өз елдеріндегі базаларда орналастырған. Осыншама көп көлемдегі ядролық қарулардың айтарлықтай үлкен географиялық аймаққа таралуы расымен де қауіпті фактор.

2001 – жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан соң әлем халқы үшін жаңа бір сұмдық сценарийдің беті ашылды. Ендігі таңда қандайда бір мемлекет емес, әлемге хаос орнатуды көздейтін кез-келген террористік топтардың қолына түсіп, өркениетті әлемге қарсы пайдалану қауіпі артты. Шын мәнінде террористер жаппай қырып-жою қаруын қолданбай-ақ үлкен көлемдегі бейбіт тұрғындарды мерт қыла алатынын көрсетті. Ал ядролық қаруға қол жеткізсе не болмақ? Бұл шынымен де ойланатын жағдай. 

Таң қаларлығы сол – ядролық қару бар кезде ядролық тежелу сол қаруға ие мемлекеттердің ара-қатынасындағы маңызды элемент болып қала береді. Ядролық тежелуді тоқтату толық қарусыздануға қол жеткізген жағдайда ғана мүмкін болмақ. Дәл осы сияқты ядролық таралуға да осындай жолмен ғана тосқауыл қоюға болады. 

Көптеген адамдардың санасында ядролық жанталаса қарулану қырғи-қабақ соғыспен байланысты болды. Қырғи-қабақ соғыс аяқталған соң ядролық қарулану да автоматты түрде аяқталады деп санады. Алайда олай болмай шықты. Мұның себебі, ядролық жарыстың қырғи-қабақ соғыспен тұспа-тұс келу шын мәнінде тарихи сәйкестік қана. Қырғи-қабақ соғыс 1945 – жылы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан соң әлемнің АҚШ және КСРО бастаған екі лагерге бөлінуінен бастады. Қырғи-қабақ соғыстың сол кезде болмауы да мүмкін еді, алайды бәрібір көп ұзамай ядролық қару жасалатын. Мұны ғылым мен техниканың жетілуі және оның әскери сала мен әлемдік сфераға ықпал етуінен пайда болған табиғи құбылыс деп қарастыруға болады. Немесе керсінше, ядролық қару ерте ме, кеш пе, бәрібір бір күні жасалатын, бірақ қырғи-қабақ соғыс басталмай қоймайтын еді. Себебі, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған кезде дүниенің бәрі қирап, тек екі жеңімпаз мемлекет қана қалды. Олар бір-бірінен идеологиялық жағынан да, қоғамдық құрылысы жағынан да мүлде алшақ жатқан еді және олардың әлемді ықпал ету аймақтарына қайта бөлісуі – айналып өтуге келмейтін жағдай еді. Бұрынғы одақтастардың кейін бір-бірінің жауына айналып шыға келуі тарих үшін қалыпты құбылыс саналатын. Дегенмен де жаппай қырып жою қаруын жасауды бірінші болып қолға алған фашистік Германия еді. 1942 – жылы АҚШ «Манхэттен» жобасын қолға алған кезде оның мақсаты ядролық қаруды Кеңес Одағына қарсы қолдану үшін емес, фашистік Германияның алдын орап кету үшін еді және оны алғаш және әзірге соңғы рет Германияның одақтасы Жапонияға қарсы қолданды. Қырғи-қабақ соғыстың басталуы бәрін өзгертіп жіберді. АҚШ-тың бұрынғы одақтасы, қолында ешқандай да ядролық қаруы жоқ Кеңес Одағы АҚШ-тың басты жауына айналды да, Германия мен Жапония ең жақын одақтастарына айналды. Сондықтан да қырғи-қабақ соғыстың аяқталуы әлемдік саясаттың факторы ретінде автоматты түрде ядролық қарусыздануға алып келуге тиіс емес еді. Ол үшін өте үлкен көлемде сол бағытта жұмыс жасайтын күш, интеллектуалды ресурс және мықты ақыл керек еді. Ондай ауқымды күшті ешкім бөлмеді. Қырғи-қабақ соғыс аяқтала салысымен көптеген саясаткерлер сабасына түсті де. Бұл мәселе өздігінен шешіледі деген қорытындыға келді, бірақ та олай болған жоқ. 

Ядролық қаруға ие болудың тағы бір қыры – ол психологиялық аспект. Атом бомбасы алғаш рет АҚШ-та жасалған кезде ол соғыста қолданылатын жойқын қару ретінде және мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас кезінде психологиялық қысым көрсету құралы ретінде қарастырылды. Ал Кеңес Одағы біреуді тежеу құралы ретінде емес, соғыс кезінде қолдану үшін жасады. Америка алғашқы жарылыстан 15 жыл өткен соң, тек ХХ-ғасырдың 50-шылдарының аяғында ғана ядролық қаруды қолдану мүмкін емес деген қорытындыға келді. Себебі, мұның салдары ауыр және ондай соғыста жеңімпаз болмайтын еді. Мұндай қорытынданы әскери генералдардан емес, азаматтық мамандардан, жаратылыстанушы ғалымдар мен гуманитар ғалымдар тобынан құралған мамандар тобы жасады. Бұл кезде мемлекет мыңнан астам бомба жасап тастаған еді. Олардың жасаған стратегиясы бойынша ядролық қару соғыс уақытында қолдану үшін емес, сол соғысты болдырмау үшін және өзге елдердің тарапынан жасалатын кез-келген агрессиялық әрекеттің алдын алу үшін қажет. 

Кеңес Одаға мұндай қорытындыға кешірек келді. Себебі, мұнда жаратылыстанушы ғалымдар мен гуманитар ғалымдар мұндай мәселелерді еркін талқылай алмайтын. Марксизм-ленинизм теориясының аясында қатаң түрде тергеу жүргізу керек болды және әскери генералдар жасап берген әскери доктрина мен концепциялардың аясынан шыға алмайтын. Сондықтан да, Кеңес Одағы тек 20 – жыл өткен соң ғана ядролық қаруды қолданудың мүмкін еместігін, қолданған жағдайдың өзінде де жеңіске жетуге мүмкіндік бермейтінін түсінді. Ол тек қарсыластың ықпалын тежеу үшін және ықтимал соғысты болдырмау үшін ғана қажет.

Ядролық текетіресте ядролық қауіп негізінен нақты бір бәсекелес мемлекеттен күтіледі. Өзге ядролық мемлекеттерден қауіп күтілмейді. Мысалы: Үндістан мен Ресейді алайық. Олар одақтас та емес, қарсылас та емес. Үндістанның ракеталары Ресейге еркін жете алады, ресейдікі де солай. Ресейдің арсеналы АҚШ-қа, Үндістанның арсеналы Пәкістан мен Қытайға бағытталғандықтан олар бір-бірінен қауіп күтпейді. Сол сияқты Франция мен Израильді, Қытай мен Пәкістанды да алуға болады. Олар одақтас болмаса да бір-біріне қарсы ядролық қаруларын кезенбейді. 

Өзге елдердің де ядролық қаруға қол жеткізу себептері әртүрлі. Мысалы: Ұлыбритания мен Франция Кеңес Одағына тежеу болу үшін емес, Варшава Шарты Ұйымының екпінді танкілері өз шекараларына жақындағынан және жалпы артықшылыққа (пристиж) ие үшін ғана емес, қарсыластың қарапайым қарумен шабуылын тойтаруға үшін де иеленді. Израильдің де жағдайы сондай. Араб мемлекеттерінің ортасында отырғандықтан кезекті бір Таяу Шығыс соғысында жеңіліске ұшырап жатқан жағдайда өзін-өзі сақтап қалу үшін ядролық қаруын қолдануға мәжбүр болады. 

Келесі бір ядролық держава – Үндістанның ядролық бағдарламаны қолға алуына екі себеп түрткі болды. Біріншісі, ядролық қаруға ие Қытайға қарсы тұру, екіншісі Пәкістан тарапынан үнемі болып тұратын қауіпті сейілту. Алайда, Үндістанның ядролық бағдарламаны қолға алуы оның көршісі Пәкістанның да ядролық қаруға ұмтылуына әкеліп соқты. 1965 – жылы кезекті Үндістан-Пәкістан соғыс кезінде Зульфикар Әли хан Бхутто: «Егер Үндістан өзінің атом бомбасын жасайтын болса, демек бізге де өз қаруымызды жасау керек онда. Ол үшін тіпті нан мен қара суға отырсақ та немесе аштықтан өлсек те. Бомба христиандарда бар, иудейлерде бар, енді индустарда да. Неге мұсылмандарға да өзінікін иеленбеске?» деп қатаң түрде мәлімдеді. 

Негізінен алғанда ядролық қаруға ұмтылу мен ядролық қаруға иелік ету – ең алдымен психологиялық фактор. Мұндай қарумен қарсыласты тежеуге болады, өзге бір елдерге қысым көрсетуге болады және өзіңді қорғауға болады. Алайда шындап келгенде ядролық қаруға ие ешбір мемлекет қарудың мұндай түрін қолданып көруге тәуекел етпейді және қолданудың зардабы өте ауыр болатынын түсінеді. Сөйте тұра бейнелеп айтқанда «отпен ойнаудан» қорықпайтын секілді. Әйткенмен де саяси ойыншыққа айналған қарудың ерте ме, кеш пе бір күні іске қосылып кету мүмкіндігін ескерсек – мұның әлем үшін ауыр зардап әкелетінін түсіну қиын емес. Бір сөзбен айтқанда ядролық қару – қымбат ермек...

0 пікір
Мұрағат