Ұлыбританияда исламофобиялық құбылыс қатерлі сипат алды
|
Жуырда Англияда шариғат шәлісін жамылғаны үшін мұсылман әйеліне шабуыл жасалып, Сауд Арабиясының Нахид Алманеа есімді тумасы алған жарақатынан қайтыс болды. Марқұм осыдан бірнеше ай бұрын Ұлыбританияға Эссекс универстиетінде білім алу үшін келген болатын. Қаза тапқан 32 жастағы мұсылман әйелін тура сабақ үстінде пышақтап кеткен. Британ қоғамы дүр сілкінді. Осынау жантүршігерлік қанды оқиғадан кейін шариғат шәлісін жамылған мұсылман қыз-келіншектері қазіргі уақытта көшеге шығудан қалды. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айыратын мына сұмдыққа байланысты студенттердің ислами қоғамдастығы федерациясының жетекшісі Кәмила Кхан қатерлі сипат алған исламофобиямен күресудің ұзақ мерзімді стратегиясын әзірлеудің қажеттілігі мен өзектілігін сөз етті. Ұлыбритания билігі де осынау жат құбылыстың тым етек алып кеткенін мойындап отыр. Статистикалық Tell Mama орталығы келтірген дерекке қарағанда, зорлық-зомбылықтың 58 пайызы әйелдерге қатысты орын алған. Бұған қоса, оның 80 пайызы мұсылман әйелдеріне қатысты екені белгілі болды.