|
Ұлыбританияда алдағы 5 жылда бес мыңдай шіркеу жабылуы мүмкін
|
National Churches Trust қайырымдылық қорының таяудағы зерттеу нәтижесіне сәйкес алдағы бес жылда Ұлубритания аумағында бес мыңға дейін шіркеу жабылуы мүмкін. Соның ішінде екі мыңдай шіркеу өз қызметін мүлдем тоқтататын болады. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде The Christian Post ақпарат көзіне жөн сілтеген inVictory мегапорталына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл құбылысқа ең алдымен қаржының кемуі, жамағаттың азаюы және қаржының жетіспеушілігінен шіркеулердің жөндеу көрмей тозып істен шығуы себеп болмақ. Әсіресе, ауылдық жерлердегі шіркеулердің 7%-на жабылу қаупі төніп келеді. Нақты санмен өрнектесек, бұл пайыздық көрсеткіш шамамен 900 шіркеуге сәйкес келеді. Өйткені, қаға беріс қалтарыстағы ғибадат ғимараттарына баратын адамдар азайып кеткен. Қайырымдылық ақшалары да түспейтін болған. Ал қалалық жерлердегі шіркеулердің кейбірі символикалық мәні мен мәртебесі бар тарихи ескерткіш ретінде немесе сәулет өнерінің озық үлгісі ретінде мемлекет тарапынан арнайы қамқорлыққа алынса, кейбірі туристердің «көзайымы» ретінде жан бағып отыр. Бүгінде шіркеулердің елді біріктіру бағытындағы іс-шаралары арқылы қоғамдық маңызы да жойылып барады. Ғибадат ғимараттарына қатысты ахуалды Listed Places of Worship Grant Scheme мемлекеттік бағдарламасындағы өзгерістер қиындатып отыр. Шіркеулер жылына 25 000 еуроға дейін өтемақы ала алады, десе де бұл қаражат шіркеулердің жыртығына жамау бола алмайды. Brierley Research Consultancy консалтингтік агенттігінің мәліметінше, Ұлыбритания аумағында жұмыс істеп тұрған шіркеулердің саны соңғы он жылда 42 000-нан 39 800-ге дейін қысқарды. Әсіресе, COVID-19 пандемиясынан кейін қарқын алған: жамағат азайған, ққаржы кеміген, т.б. факторлардан бірінен кейін бірі жабылған. Аталмыш қайырымдылық ұйым өкілдері қазіргі уақытты «британ шіркеулері үшін төтенше сынақ» деп атады және үкіметті, епархиялар мен қайырымдылық қорларын британдық қауымдардың рухани және мәдени орталықтары - шіркеулердің жаппай жоғалуына жол бермеу үшін күш біріктіруге шақырды.