Түсік жасату заңдастырылды
Түсік жасату заңдастырылды
4 жыл бұрын 3966 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Таяуда Аргентинаның Ұлттық конгресінің жоғарғы палатасы елде түсік жасатуды, яғни, жүктілікті жасанды жолмен үзуді заңдастыруға мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады. Бұл жайында islam.kz порталы bbc.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш заң жобасын жақтап 38 сенатор дауыс берсе, 29-ы қарсы болды. Ендігі жерде аталған заң талабына сай жүктілікті жасанды жолмен үзгісі келетін әйел 14 аптаға толмай жатып, жүктілік денсаулығына қатер төндірмесе де түсік жасата алады. Билік басындағы Хустисиалистер партиясының атынан сайланған сенатор Анабель Сагасти қоғамда онсыз да бұрыннан бар жасырын нәрсені заңдастыру арқылы әйелдердің өмірін жеңілдету үшін осындай қадам жасалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ел аумағында жыл сайын мыңдаған түсік жасалады, түсік жасатқан әйелдердің әрбір оныншысы күмәнді жерлерде осы жасырын түсік жасатудан қаза тауып жатады. Бұрын Аргентинада зорлау оқиғасынан соң бала көтерген әйелдер мен жүктілік денсаулығына қатер төндірген әйелдерге немесе құрсақтағы шаранаға қауіп төнгенде ғана түсік жасатуға рұқсат етілетін. Бүгінде Латын америкасында түсік жасату тек Уругвайда, Кубада және Гавайда рұқсат етілген. Ал Мексикада тек ел астанасында, яғни, Мехико қаласында жүктілікті жасанды жолмен үзуге рұқсат етілген. Аталған құрлық бойынша Чилиде, Суринамде, Сальвадорда, Гаитиде, Гондураста, Никарагуада және Доминикан Республикасында түсік жасатуға толық тыйым салынған. Ал өзге елдерде медициналық себеп бойынша, яғни, аяғы ауыр әйелдің немесе құрсақтағы шарананың денсаулығына қауіп төнгенде ғана түсік жасатуға рұқсат етілген. Әлемде қандай да бір себепке қарамай түсік жасатуға Никарагуада, Мальтада, Филиппинде және Ватикан аумағында үзілді-кесілді тыйым салынған. Аяғы ауыр әйел мен құрсақтағы шарананың денсаулығына қауіп төнсе де түсік жасатуға қатаң тыйым салынған.

0 пікір
Мұрағат