Түркияның Африкадағы позициясы нығайып келеді
|
Африка елдері бұрынғы метрополиясынан (яғни, отарлаушы елдерден) іргесін аулық салған сайын Түркия бұл құрлықтағы позициясын шапшаң нығайтып келеді. Бұл жайында islam.kz порталы түріктердің Sabah ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Соңғы 20 жылда Африкадағы түрік дипломатиялық өкілдіктерінің саны төрт есеге артқан. Париждегі заманауи Түркия обсерваториясы үшін жүргізілген Африкадағы түрік мүдделері туралы зерттеу авторы Селин Гүзім Түркия өзін Батысқа балама ретінде көрсетуге талпынатынын алға тартты. Оның айтуынша, Түркияның аталған құрлықтағы саясаты қатыгездікпен және отаршылдықпен сөзсіз байланыстырылатын еуропалық державалардан айырмашылығы - Африкада өзін нағыз жанашыр ретінде көрсете алады. Өткен аптаның орта шенінде Түркияның жоғары мәртебелі делегациясы бір жыл бұрын француздарды қолдайтын немесе жақтайтын үкіметі құлатылған Нигерге барды. Либия, Кения, Сомали, Руанда, Эфиопия, Нигерия және Гана елдерімен қорғаныс саласындағы ынтымақтастық келісіміне қол қойылды. Сенімді және арзан түрік ұшақтары Африкада танымал. Қазіргі уақытта олар Чад, Того, Буркина-Фасо, Нигер және Малиге жеткізіледі. Сомали мен Ливбияның аумақтық суларында көмірсутек өндіруден басқа Түркия Нигердегі уран кен орындарын игеруге мүдделелік танытуда. «Аққұй» атом электр стансасының жұмысын қамтамасыз ету үшін Түркияға уран ауадай қажет. Француз халықаралық және стратегиялық қатынастар институтының Түркия жөніндегі сарапшысы Дидье Биллионның айтуынша, Анкара сенімді серіктес ретінде қабылданады, әсіресе, құрылыс пен инфрақұрылымды дамыту саласында. Түркия ауруханаларды, мешіттерді, әуежайларды әрдайым уақытында салады және құрылысты көп шығынсыз жүргізеді. Түріктерді осындай жауапкершілігі мен жанашырлығы үшін сыйлайды. Түріктерге мұндай беделіне байланысты маңызды тапсырыстар көптеп түседі. 2023 жылы Түркия Африкада құны 85,5 миллиард доллар болатын жобаларды жүзеге асырған екен. Бұдан бөлек, Африка халықтарының дені мұсылман болғандықтан Түркияға бүйрегі бұрып тұрады. Яғни, діннің де Түркияның Африкадағы ықпалын арттыруда рөлі бар. Бастапқыда «Қызмет» қозғалысы ретінде танылған түріктердің «Марып» («Маариф») қайырымдылық қоры Африкада ұзын саны 17 000 оқушы білім алатын 140 оқу мекемесінің бар шығынын өз мойнына алған. Сондай-ақ, Түркияда 60 мың африкалық студент білім алуда. Түркияның TRT телеарнасы француз, ағылшын, суахили және хауса тілдерінде бағдарламалар дайындайды, т.б.