Түркияға санкция салынуы мүмкін
|
АҚШ билігі Түркияны Ресейден С-400 зениттік-зымыран кешенін сатып алудан бас тартуға шақырды. Бұлл талапты орындамаған жағдайда санкция салынатынын ескерткен. Бұл жайында түріктердің Haberturk ақпарат көзі америкалық дерек көзіне сілтеме жасай отырып, хабар таратты. Түріктердің ежелден қастасып келе жатқан елмен, яғни, Ресеймен ауыз жаласып, тығыз қарым-қатынас орнатқанын қаламайтынын АҚШ билігі аңғартқанымен Түркия Атлант мұхитының арғы жағалауындағы алып державаның айбарына айылын да жиған жоқ. Десе де АҚШ билігі Түркияның әуе қорғанысындағы қажеттілікті қамтамасыз ететін балама ұсынып, көмектесуге дайын екенін де мәлімдеп жатыр. Қалай дегенмен де түріктерді райынан қайтаруға барын салып жатыр. Бұрынырақта Түркияның сыртқы істер министрі Мәуліт Шаушоғлы Солтүстік әскери альянстан әуе қорғаныс зымырандарын сатып алғысы келгенімен НАТО-ның таусылмайтын желеуі мен сылтауынан күдер үзгендерін мәлімдеді. Айта кету керек, Түркия Ресейден екі батареясын сатып алады, бірақ, оларды түрік мамандары басқарады. Бұған қоса, тараптар Түркияның зениттік-зымыран кешені өндірісін дамыту үшін технологиялық ынтымақтастық орнатуға келіскен болатын. Бұл мәселенің бергі жағы, арғы жағына үңілсек, Түркияға АҚШ бастаған елдер санкция салған жағдайда Түркияның жағдайы қалай болмақ? Сарапшылар әзірге бұл турасында жұмған ауыздарын ашпай отыр. Соған қарағанда АҚШ дөңайбат жасағанымен шындап келгенде санкция салуға батылы бара қоймайды. Бұған бірнеше фактор жібермейді: біріншіден, Түркия аумағында АҚШ-тың әскери базасы бар. Бұл әскери базалар аймақтағы және Ресеймен арадағы саяси қарым-қатынаста АҚШ бастаған батыс елдерінің мүддесін қорғауға көмектеседі. Екіншіден, Түркия НАТО құрамындағы ел. Санкция салған күннің өзінде, Түркияның қылшығы қисая қоймайтыны белгілі. Түркия экономикасы соңғы уақытта Еуропа елдерінен көш ілгері алда екенін ескерсек, бұл санкциядан көп шығынға бата қоймайды. Өйткені, батыстың осы заманғы озық технологиясынан қағылған күннің өзінде Түркия қалыптасқан өндірісі және түріктердің өнімін тұтынатын нарығы бар орнықты ел.