Түркияда 40 мыңдай ғана жылқы қалған
Түркияда 40 мыңдай ғана жылқы қалған
2 ай бұрын 804 24.kz kaz.inform.kz Әсия Нұрлыбаева, Бегабат Ұзақов

Анадолы жерінде жылқы азайып барады, деп хабарлайды 24kz.

Өйткені, оның күтімі қымбат, шығыны көп. Бұдан бөлек, оған халықтың өмір сүру салтының өзгеруі мен ауыл шаруашылығы саласының әлсіреуі де әсер еткен.

Әсия Нұрлыбаева, тілші: - Қазақ даласында ғана емес, Анадолы жерінде де жылқы қасиетті жануар саналады. Десе де олардың қарасы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда азайып кеткен. Мысалы, 1960 жылдары Түркияда 1 миллионнан астам жылқы болса, қазір олардың саны 40 мыңға ғана жетеді. Өйткені, елдегі қымбатшылық жылқыны күтіп-баптауға кедергі келтіріп отыр.

Түркияда бір сәйгүлікті баптау айына шамамен 40 мың лира шығынды қажет етеді. Бұл біздіңше, 520 мың теңге. Жем-шөбінен бөлек, дәрі-дәрмегі тағы бар. Ал олардың бағасы ай сайын қымбаттап отырады. Бұл жағдай шаруалар мен жылқы баптаушыларды тығырыққа тіреп, шаруашылықты ширатуға кедергі келтіріп отыр.

Батухан Ай, жылқы баптаушы: - Инфляция өскен сайын тұрмысқа қажеттінің бәрі қымбаттайды. Жылқы күтімі шығындары да солай. Жем-шөбі, шымтезегі бар. Елімізде мұндай қажеттіліктер ай сайын өзгеріп отырады. Бір ғана жылқының күтіміне орташа есеппен айына 37500 түрік лирасын жұмсаймыз. Еуропалық дайын жемдерді алатын болсақ, шығын бұдан да артады.

«Анадолыда жылқы қарасының азаюына экономикалық жағдай ғана емес, халықтың өмір салтының өзгеруі себеп», - дейді тарихшылар. Өйткені, 1950 жылдардан кейін Түркия ауылдық өмірден қалалық өмірге көшті. Бұл мал шаруашылығы мәдениетін жалғастыруға кері әсерін тигізді. Бұрын көлік орнына пайдаланылған жылқыға мұқтаждық азайды. Өйткені, технология қарқындап, көлік нарығы дамыды.

«Бұл жылқы басының алғашқы 10-15 жылда 1 млн-нан 500 мыңға, ал кейін 100-40 мыңға дейін азаюына әкелді», - дейді түркі тарихын зерттеуші Абдуллах Гүндоду.

Абдуллах Гүндоду, Анкара университеті Түркі тарихы ғылымдарының докторы, профессор: - Түркияда мал шаруашылығы қазір дағдарысқа ұшырады. Бұған бірнеше себеп бар. Бір кездері Түркиядағы мал шаруашылығының негізгі аймақтары саналатын Шығыс Анадолы лаңкестік шабуылға ұшырап, соның кесірінен ауылдар мен жайылымдар босап, зиян шекті. Бұдан бөлек, Түркияда өмір салтының өзгеруі, ауылдан қалаға көшу, мал шаруашылығы мәдениетінің әлсіреуі әрі экономикалық жағдайдың нашарлауы сияқты факторлар жылқы қарасының азайтты. Мұндай дағдарыс кейінгі 5 жылда қатты байқалып отыр.

Абдуллах Гүндодуның айтуынша, Түркияның ұлттық мәдениеті мен ежелгі дәстүр-салты қасиетті жылқымен тікелей байланысты.

«Бірақ, агросектордағы дағдарыс жалғаса берсе, ел ежелгі дәстүрінен айырылуы мүмкін», - дейді сарапшылар.

Абдуллах Гүндоду, Анкара университеті Түркі тарихы ғылымдарының докторы, профессор: - Жылқы санының күрт азаюы өте қиын жағдай. Бірақ оның көбеюі екіталай. Соның кесірінен Түркия өзінің мәдени тамырларынан, әлеуметтік, спорттық қызметтерінен және экономикалық мүмкіндіктерінен айырылып жатқанын айтуға болады.

Ел үкіметі мал шаруашылығын дамыту мақсатында арнайы субсидия бөліп, жануарларды тіркеу мен генетикалық ресурстарды сақтау жобаларын жүзеге асырып келеді. Дегенмен, ресми статистика Анадолы жерінде жылқы санының жылдан жылға азайып бара жатқанын көрсетіп отыр.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева

24.kz 

Түрікмен ғалымдары жылқы емдеудің инновациялық физиотерапевтік әдістерін енгізбек

KAZINFORM – «Türkmen atlary» мемлекеттік бірлестігі жылқы шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының мамандары жылқының тірек-қимыл аппараты ауруларын емдеу және алдын алудың заманауи физиотерапевтік технологияларын зерттеп, тәжірибеде қолдануға кірісті, деп хабарлайды Turkmenportal «Нейтральный Туркменистан» газетіне сілтеме жасап. 

Зерттеу жұмысы Аркадаг қаласындағы Аба Аннаев атындағы Халықаралық жылқы шаруашылығы академиясының оқытушыларымен бірлесе жүргізіліп, электромагниттік өрістер мен әртүрлі сәулелену түрлерін пайдалану әдістерін әзірлеуді қамтыды.

Ғылыми жұмыс шеңберінде жетекші әлемдік өндірушілердің озық жабдықтары пайдаланылды. Фототерапия үшін жануарлардың денесіне инфрақызыл және ультракүлгін сәулеленудің дозаланған әсерін қамтамасыз ететін «Horse Gym 2000» компаниясының «Summerwind Premium Solarium» арнайы емдік солярийі қолданылады.

Лазерлік терапия саласында мамандар «ASA Laser» фирмасының «Mphi Vet» лазерлік ветеринарлық құрылғысымен жұмыс істейді. Бұл әдіс метаболизмді жақсартуға көмектесетін, қабынуға қарсы әсері бар және тіндердің регенерациясын ынталандыратын төмен қарқынды лазер сәулесінің жарық энергиясының әсеріне негізделген.

Магнитотерапия үшін Biomag компаниясының «Biomag Lumina» электромагниттік жамылғысы қолданылады, ол ауыспалы жоғары жиілікті магнит өрістерін жасайды. Бұл әдіс әсіресе жылқыларға аурулардан және жаттығулар мен жарыстардан кейінгі оңалту кезеңінде тиімді болмақ.

Физиотерапевтік әдістерді енгізу орталықтағы ғылыми зерттеулердің басым бағыты саналады.  Бұл болашақта зерттелген әдістерді елдегі жылқы шаруашылығында Ақалтеке және басқа да жылқы тұқымдарын емдеу үшін жылқы шаруашылығында іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді.

Бегабат Ұзақов

0 пікір
Мұрағат