Түркияда 100-ден аса адмиралға ел мүддесіне нұқсан келтірді деген айып тағылды
Түркияда 100-ден аса адмиралға ел мүддесіне нұқсан келтірді деген айып тағылды
3 жыл бұрын 1849 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Анкара қаласының бас прокуратурасы Босфор мен Дарданелла бұғаздарының мәртебесіне қатысты 1936 жылы қабылданған Монтре конвенциясына қолдау білдіргені үшін 100-ден аса отставкідегі адмиралға айып тақты. Бұл жайында islam.kz порталы ntv телеарнасына (ntv.com.tr) сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Оқырманға түсінікті болуы үшін сәл шегініс жасауға тура келеді: естеріңізде болса, осыдан аттай сегіз ай бұрын сайтымыздың жаңалықтар таспасында жарияланған «Екінші Босфор каналы құрылысының жоспары ақыры мақұлданып тынды» (қараңыз: https://islam.kz/kk/news/alem/ekinshi-bosfor-kanaly-qurylysynyn-jospary-aqyry-maquldanyp-tyndy-15027/#gsc.tab=0) материалымызда былай деп жазыппыз: «Бұдан бөлек, сарапшылардың көбісі екінші Босфордың 1936 жылғы Монтре конвенциясында қарастырылған әскери кемелерге қатысты саяси шектеудің мәнін жоюы мүмкін алға тартып отыр. Бұл Түркияның қолын ұзартатын, яғни, саяси астары да бар жоба екенін айта кету керек. Түркия 1936 жылы қабылданған аталмыш конвенция талаптарына сай Босфор бұғазын бақылауда ұстағанымен оны өз еркі бойынша пайдалануға жол берілмейді. Яғни, қалаған елдің кемесін өткізіп, қаламаған елдің кемесін өткізбей тастауға құқы жоқ, яғни, бұғазды мақсатына қарай пайдалануға тыйым салынған. Бұғаздағы кеме қатынасы халықаралық ережелермен реттеледі. Босфорға балама бола алатын жасанды канал қазылатын болса, геосаяси салдары қандай? Монтре конвенциясына сәйкес Қара теңіз жағалауында орналаспаған мемлекеттерге енгізілген шектеу бойынша Босфор бұғазы арқылы салмағы 45 тоннадан аспайтын кемелер өткізіледі. Әрі Қара теңіз жағалауына орналаспаған мемлекеттердің кемесі үш аптадан артық Қара теңізде болуына рұқсат етілмейді. Түркия ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кез келген әскери кеме үшін аталмыш бұғазды жауып тастауға құқылы. Егер аймақта Түркия араласпайтын соғыс өрті тұтана қалса, Түркия билігі бұғазды жаба алады. Ал "Ыстамбұл" каналы қазылатын болса, Монтре конвенциясында қарастырылған талаптарды түріктер орындауға міндетті емес. Аталмыш каналды қазуда сырттан инвестор тартпаудың бір ұшығы осында жатыр. Түркия билігі қандай шетелдік кемелерді өткізуді өзі шешетін болады. Осылайша Түркия аймақтағы өзінің позициясын нықтай алады». Міне, осы саяси әрі стратегиялық мәні мен маңызы зор мәселе бойынша айыпталған адмиралдарға қатысты іс сотқа жөнелтілді – оларға 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр. Айыптау қорытындысы бойынша адмиралдар мемлекеттің конституциялық құрылымына қарсы сыбайлас қылмысқа барған. Осы жылдың сәуір айының басында отставкідегі 104 адмирал Монтре конвенциясын Түркияның дипломатиялық жеңісі ретінде бағалаған хаты жарияланған болатын. Дәлірегі, Түркияның Босфор мен Дарданелла бұғаздарына бақылау орнатуының өзін жеңіске балаған болатын. Бұдан бөлек, олар Босфорды айналып өтетін, Мәрмәр мен Қара теңіздерін жалғайтын «Стамбұл» каналының жобасына байланысты келісімді сынға алған еді. «Стамбұл» каналы қазылатын болса, Мәрмір теңізінен Қара теңізге жыл сайын 85 мың кеме өте алатын әлеуетке ие болады. Аталған канал құрылысы 2023 жылға дейін аяқталуы тиіс. Жоспар бойынша.

0 пікір
Мұрағат