|
Түркия, Сирия және Иордания тарихи теміржолды қалпына келтіруге уағдаласты
|
Түркия, Сирия және Иордания биліктері аймақтың көлік байланысы мен инфрақұрылымын дамыту әрі өңірдің экономикалық дамуына серпін беру үшін тарихи Хижаз теміржолын жаңғыртуға келісті. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Yeni Şafak агенттігіне жөн сілтеген IslamNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Осылайша Таяу Шығыстың түрлі себептермен үзіліп қалған күретамырын қалпына келтіру арқылы аймақ интеграциясын жандандырмақ. Арадағы келісімге сәйкес Түркия теміржол желісінің өзімен шекаралас Сирия аумағындағы жетіспейтін 30 шақырымын төсеп беретін болды. Ал Иордания теміржолдың техникалық зерттеуі мен локомотивтерге қызмет көрсету міндетін өз мойнына алып отыр. Сондай-ақ, аталмыш келісім аясында азаматтық соғысқа байланысты тоқтап қалған Түркия мен Иордания арасындағы автокөлік қатынасы 13 жылдан соң қайта қалпына келтірілетін болады. Бұл бағыт екі елдің сауда-саттық және логистикалық мүмкідігін арттырады. Халықаралық көлік дәлізінің жұмыстарын үйлестіретін арнайы топ құрылады. Бұған қоса, Түркия шекаралық тасымалдау рәсімдерін оңтайландыру үшін меморандумда қарастырылған шараларды жүзеге асыруға арналған кешенді жоспарын әзірлейтін болады. Бұл жобаның келешегі кемел: Иорданияның Ақаба айлағына дейін жаңа желі аашылады.