Түркия шеттегі қандастарының демографиялық ахуалының жақсаруына мүдделі
|
Диаспора қай ел болмасын, оның сырттағы арқа сүйер айбарына айнала алады. Бұл – саясат. Қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлемдік саяси аренада беделін артыру мақсатында арыдан ойлайтын Түркия билігі туу көрсеткішінің жақсаруына мүдделі. Түркия билігінің елдегі демографиялық ахуалды барынша жақсарту үшін барлық жағдайды қарастырғаны турасында жуырда хабарлаған болатынбыз. Түркия билігі тек ел ішіндегі демографиялық ахуалды ғана емес, сонымен қатар, сырттағы ағайындардың да туу көрсеткішін жақсартуға мүдделі екенін байқатты. Таяуда Германияға ресми сапармен барған Түркия премьер-министрі Ахмет Дәуітоғлы шетелде босанған түрік әйелдеріне де қаржылай қарасатынын жеткізді. Әлемнің қай түкпірінде босанса да түрік әйелдері бұдан былай 130 долларға тарта қаржылай жәрдемақы алады. Бірінші баласы үшін. Ал екіншісіне – 400 лир, ал үшіншісіне – 600 лир қаржылай қолдау көрсетеді. Бұған қоса, түрік билігі отау құрып, шаңырақ көтергісі келетіндердің той жабдығына (қалыңмал, жасау, т.б.) кететін шығынның 15 пайызын көтеріп алуға дайын.