Түрікменстанда «зиянды әдеттерді» телеарнадан көрсетуге тыйым салынды
Түрікменстанда «зиянды әдеттерді» телеарнадан көрсетуге тыйым салынды
6 жыл бұрын 2385

Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов зорлық-зомбылық бағдарламалар мен зиянды әдеттерді телеарнадан көрсетуге заңмен тыйым салды. Ресми ақпаратқа қарағанда, өткен аптаның соңында Бердімұхамедов «Теле және радио хабар тарату жөніндегі» заң жобасына қол қойған, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі centralasian.org басылымына сілтеме жасап. 

Жаңа заң елдің «жағымды бейнесін» қалыптастыруға шақырады. Аталған құжаттың 4-бабында «кәмелетке толмағандардың ақыл-ойының жетілуіне кедергі келтіретін зорлық-зомбылық элементтері бар ақпараттарды таратуға тыйым салынады» делінген.

Сонымен бірге 44-бапта «аталмыш материалдарды таратуға тыйым салу ұлттық мүддені қорғау мақсатында жасалынып отыр» деп жазылған.

Түрікменстанда ақпарат құралдарының барлық түрі мемлекеттің қатаң бақылауында. Тіптен кабельді телеарналарда да цензура бар. Мемлекет бақылауынан айналып өтетін – жалғыз спутниктік арналар болатын. Бірақ бұл елде спутниктік телеарналарға тыйым салынған.

Заңда зиянды әдетке не кіретінін, оны қалай анықтайтыны толық жазылмаған. Теле және радио хабар тарату туралы жаңа заң Түрікменстанның жағымды бейнесін жиі насихаттауға шақырады.

0 пікір
Мұрағат