Трамп командасының ислам туралы түсінігі «біртүрлі»...
|
АҚШ президенті Дональд Трамптың бірқатар мұсылман елдерінің азаматтарын АҚШ аумағына кіргізбеу туралы аты-шулы жарлығын кім білмейді дейсің. Осыған байланысты жүріп жатқан сотта Ақ үй қожайынының қорғаушысы, АҚШ әділет министрінің орынбасары Ноэль Франсисконың сөзі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің ғана емес, сонымен қатар, аудиторияның жағасын ұстатты. Ол сот отырысында АҚШ президентін қорғап сөйлеген сөзінде исламды әлемдегі «ең ұлы елдердің» біріне жатқызды. Яғни, исламды дін емес, мемлекет деп, өзінің сауатсыздығымен күлкіге қалды. Бұл өз кезегінде Ақ үй қожайыны командасының ислам туралы біліктілігінің қандай деңгейде екенін аймандай етіп көрсетіп берген оқиға болды. Әлемдегі аса ірі державаның жоғары лауазымды қызметкерінің аузынан мұндай сөз шығады деп ешкім күтпеген шығар. Айта кетері, «мұсылмандарға тыйым» мәселесі бойынша өтіп жатқан соттың үкімі маусым айында шығарылады.