"Террорист" деген желеумен сүнниттік мұсылмандарды жаппай өлім жазасына кесіп жатыр
|
Өткен жексенбіде Иракта күндізгі уақытта 42 адам өлім жазасы бойынша дарға асылды. Оларға террористік әрекетке қатысы бар деген айып тағылған. Бұл жайында Reuters ақпарат ресурсы аталған елдің әділет министрлігіне сілтеме жасай отырып, хабар таратты. Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, өлім жазасына кесілгендерді Насирия қаласындағы түрменің аумағында дарға асқан. Өлім жазасына кесілгендердің бәрі сүнниттік мұсылмандар, арасында бірде-бір шиттік жоқ. Осы жазалаудың алдында, дәлірегі, осыдан үш ай бұрын 14 тұтқынды дарға асып, өлім жазасын жүзеге асырған болатын. Amnesty International деп аталатын халықаралық құқық қорғау ұйымының өкілдері Ирактағы бұл өлім жазасын айыптап, терроризммен бұлайша күресудің тиімсіз болатынын, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мұндай радикалды әдістің нәтиже бермейтінін алға тартып, дабыл қақты. Сондай-ақ, аталмыш ұйым өлім жазасына кесілгендерді алдымен азаптап барып өлтіру дерегі барын жеткізді.