Темекіден жыл сайын 8 млн адам көз жұмады
|
Жыл сайын темекі шегуден 8 млн адам көз жұмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау орталығына сілтеме жасап.
«Темекі шегуден миллиондаған адам өкпе обырымен, туберкулезбен, демікпемен немесе өкпенің созылмалы ауруларымен ауырады. Темекі шегу – бұл жүрек-қан тамырлары ауруларының (инфаркт, инсульт), ерлерде эректильді дисфункция, терінің ерте қартаюы, сондай-ақ, жүктіліктің қолайсыз нәтижесі және жүкті әйелдерде болашақ баланың денсаулығы үшін тәуекел факторы», — делінген баспасөз хабарламасында.
Темекі шегу – бронх-өкпе, онкологиялық және басқа да созылмалы аурулардың қауіпті факторларының бірі.
«Темекі шегуден бас тартқаннан кейін 1-9 ай ішінде жөтел мен ентігу азаяды. 10 жылдан кейін сізде өкпе обырының даму қаупі шылым шегушіге арналған осындай тәуекелмен салыстырғанда екі есе төмендейді, сондай-ақ сізде ауыз қуысы, тамақ, өңеш, қуық, жатыр мойны және ұйқы безі обырының даму қаупі төмендейді. 15 жылдан кейін жүректің ишемиялық ауруының даму қаупі темекі шекпейтін адамның қауіп деңгейіне дейін төмендейді», — дейді мамандар.
Сондай-ақ, адам темекі шегуден бас тартса, зиян әдетпен байланысты денсаулықтағы проблемалар дамуын тоқтатып, импотенция ықтималдығын, жүктілік, мерзімінен бұрын босану, дене салмағы төмен балалардың туылуы мен түсік тастау мәселелерін төмендетеді.