Таяу Шығыс Қытайдың жаһандық бастамасына балама жобаға тартылады
Таяу Шығыс Қытайдың жаһандық бастамасына балама жобаға тартылады
1 жыл бұрын 1558 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Таяу Шығыс аймағы, Батыс елдері және экономикасы жедел қарқынмен өсіп келе жатқан Үндістан азық-түлік пен энергетикалық ресурсты тасымалдайтын аса ірі экономикалық дәліз қалыптастырады. Бұл жайында islam.kz порталы Axios ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл бастама өз кезегінде Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» деп аталатын, тарихи Жібек жолының заңды жаңғырығына айналуы тиіс ғаламдық жобасына балама болмақ. Осылайша Қытайдың экономикалық экспанциясы мен саяси ықпалын тежеуді мақсат етеді. Бұл тарапта Америка құрама штаттары, Еуропалық одақ, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірлігі, Израил, Иордания және Үндістан «Үндістан – Таяу Шығыс – Еуропа» жаңа экономикалық дәлізі туралы тарихи әрі стратегиялық маңызы зор келісімге келді. Бұл экономикалық дәліз теңіз және теміржол инфрақұрылымына инвестиция құюды, экологиялық жағынан таза энергетикалық ресурспен қамтамасыз етуді, интернет кабел тартуды ұйғарады.  Осы тақырыпқа орай Үнді астанасында өткен алқалы жиында Ақ үй қожайыны Жо Байден «Біз тарихи бетбұрыс кезеңде тұрмыз. Бүгін біз қабылдаған шешім болашақтың бағытын айқындайды», - деп салтанатты түрде мәлімдеме жасады. Сөз орайы келгенде «Бір белдеу – бір жол» жобасын қазіргі Қытай халық республикасының көшбасшысы Си Жинпин тарапынан 2013 жылы бастама етіп көтерілгенін айта кету керек. Аталмыш жоба аясында талай кездесулер мен келісімдер болды, Қытайды Орта Азиямен, кәрі құрлықпен және Африкамен жалғайтын жол инфрақұрылымына қатысты инвестиция тартылды, жол төселді. Осылайша Қытай 4,4 млрд адамды қамтитын әлемдегі теңдесі жоқ экономикалық дәлізді қалыптастыруға күш салып келеді. Дегенмен, сарапшылар Қытайдың осы бастама аясында әлсіз елдерге қарыз қамытын кигізіп, тәуелді еткеніне алаңдаушылық білдірді.

0 пікір
Мұрағат