Таяу шығыс елінде некелескісі келетін жұптарға міндетті медициналық тексеру аясында тегін генетикалық тест енгізіледі
Таяу шығыс елінде некелескісі келетін жұптарға міндетті медициналық тексеру аясында тегін генетикалық тест енгізіледі
6 ай бұрын 592 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Біріккен Араб Әмірлігінде неке қидырғысы келетін жұптар шаңырақ көтермес бұрын міндетті медициналық тексеру аясында жаңа, қосымша генетикалық тестілеуден өте алады. Бұл жайында islam.kz порталы Khaleej Times ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл арада ем қонбайтын немесе емделуі қиын, тұқым қуалайтын және созылмалы ауруларды тудыруы мүмкін 570-тен астам генетикалық мутацияларды анықтайтын тест турасында сөз болып отыр. Аталған араб елі аумағында неке қидырғысы келетін шетелдіктерге де медициналық тексеруден өту міндетті. Аталмыш тест кардиомиопатия, тұқым қуалайтын эпилепсия, жұлын бұлшықеттерінің атрофиясы, саңыраудлық, муковисцидоз, т.б. сияқты қауіпті ауруларды анықтау үшін генетикалық материалды зерттейді. Адамдар ешқандай симптомсыз бұл аурулардың тасымалдаушысы бола алады. Бұл мутациялар ерлі-зайыптылардың екеуінің бойында да болса, олардың ұрпағы жарымжан болып дүниеге келу қатері жоғары болмақ. Қосымша қызметке үш денсаулық орталығында қол жеткізе аласыз, атап айтқанда, Шаржадағы Отбасылық денсаулықты нығайту орталығы, Рас-әл-Хаймадағы Жүлфар денсаулық орталығы және Фужейрадағы AlFaseel отбасылық денсаулықты нығайту орталығы. Сондай-ақ, EHS қолданбасы, байланыс орталығы арқылы немесе тиісті денсаулық орталығына тікелей бару арқылы кездесуге алдын ала жазыла аласыз. Бұл орталықтар екі апта ішінде адамдарға тест нәтижесін береді. Егер ерлі-зайыптылардың ортақ генетикалық мутациясы бар екені анықталса, білікті мамандардан жасақталған кеңесшілер оларға кеңес береді, сауалдарға жауап береді және қолайлы нұсқаларды ұсынады. Некеге дейінгі міндетті скрининг алғаш рет 2008 жылы енгізілген. Медициналық тексеру ерлі-зайыптылардың АИТВ, В және С гепатиті, мерез, бета талассемия, орақ жасушалы ауруы және қызамық сияқты генетикалық, жұқпалы немесе жыныстық жолмен берілетін аурулары бар-жоғын анықтайды.

0 пікір
Мұрағат