Татарлар тіл үшін "жан берісіп, жан алысатын" шаққа жетті (фото+видео)
Татарлар тіл үшін "жан берісіп, жан алысатын" шаққа жетті (фото+видео)
7 жыл бұрын 6917 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Татарстанда татар тілін жергілікті мектептерде оқыту мәселесі ушығып, өзінің шарықтау шегіне жетті. Аталған республика прокуратура татар тілін мәжбүрлеп оқытып отырғандығын алға тартып отыр. Алайда, Татарстанның білім беру министрлігі татар тілі мектепте мәндетті пән ретінде оқытылуы керектігін мәлімдеді. Татарстанда татар тілі төңірегінде дау өршіп кетті. Татар тілін жақтайтындар мен даттайтындар арасындағы талас-тартыс республика деңгейінде жүріп жатыр. Осы елдегі орыстар татар тілін мүлдем оқытуды құп көрмейді. Ресми мәлімет бойынша Татарстан халқының тең жартысы татар тілінде сөйлейді. Татар тілі орыс тілімен қатар мемлекеттік тіл мәртебесін иеленген. Бұл жанжал Ресей Федерациясы президенті Владимир Путиннің шілде айында жасаған мәлімдемесінен кейін қатты өршіп кеткен еді. РФ президентінің отқа май құйғандай болған бұл мәлімдемесінде не деп еді? Онда ол мектеп қабырғасында тек орыс тілі ғана міндетті болуы тиіс деп талап қойған болатын. Татарстан прокуратурасы осы мәлімдемеден кейін дереу білек сыбанып, республика мектептерін асты-үстіне келтіріп, тексеру жүргізген болатын. Нәтижесінде татар тілінің міндетті пән ретінде оқытылғанын заңсыздық деп тапты. Көптеген мектеп директорлары жоғарыдан қысым болғанын жасырмай айтуда. Ол ол ма, жоғарғы сыныптарда татар тілі мүлдем оқытылмайтын болды. Тіпті, татар тілінен сабақ беретін мұғалімдер қысқартуға ұшырап жатты жаппай. Он адамның жұмысын екі-үш мұғалімге артып қойған жағдайлар да кездеседі. Мешіттерде татар тілін қорғау бағытында уағыздар айтылуда. Қарлығыштың қанатымен су сепкендей болса да татар тілін қорғау үшін имамдар да атсалысып жатыр. Халі мүшкіл татар тілі төңірегіндегі дау-дамайдың әзірге қалай шешілетіні белгісіз. 

 

0 пікір
Мұрағат