Тәрбиелеу мақсатында өз баласын ұрлады
|
The Guardian ақпарат көзінің хабарлауынша АҚШ-та алты жастағы баланы ұрлауға әжесі, атасы және тәтесі қатысқан. Бұған әлі оң мен солын толық танып болмаған баланың аңқаулығы себеп болған. Нақтырақ айтқанда, бала көшедегі бейтаныс бөгде адамдарға тым сенгіштігі, алдынан кездескендерге еркелейтіні ата-анасын алаңдатқан көрінеді. Ертең қаскүнем біреу оның сенгіштігін пайдаланып, өміріне қатер төндіре ме деген қауіппен әрі оған сабақ болсын деген ниетпен «бала ұрлау операциясын» ұйымдастырады. Баланың ата-анасы бұл ойларын жүзеге асыру үшін таныстарының көмегіне жүгінеді. Айтылған күні ұрлықшының рөлін ойнауы тиіс ер адам мектептен қайтқан баланы ұстап алып, оның қол-аяғын байлап, сарайға қамап тастайды да оған «ендігәрі әке-шешеңді көрмейтін боласың» деп, қалтасындағы тапаншасын кезеп, баланы қорқытады. Артынан баланы босатып, жоғарыға көтерілуге рұқсат береді. Оны ол жерде әке-шешесі мен туыстары күтіп отырған еді. Осы ұрлықты ұйымдастырғандардың барлығы тұтқындалды. Оның анасын кәмелет жасына толмаған баланы ұрлауға қатысты әрі балаға қатал қарады деген айып тағылды. Алайда, осы «операцияны» ұйымдастырғандар бұдан ешқандай сөкеттік көрмейтіндерін айтып, өз кінәларын мойындаған жоқ. Балаға қамқоршылар тағайындалды.