Тай елі жылан экспорттауға көшеді
|

Тайландтың министрлер кабинеті талай жылға созылған тыйымның күшін жою туралы шешім қабылдады. Бұл жайында Islam.kz порталы The Bangkok Post ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Дәлірегі, аталған ел билігі экономикаға қосымша табыс көзін қосу әрі заңсыз сауда-саттықтың алдын алу немесе жолын кесу үшін жылан экспортын қайта жолға қоятын болды. Осыған байланысты оңтүстік-шығыс Азиядағы аталған елдің табиғи ресурстар және қоршаған орта министрлігі тірі жылан мен олардың өңделмеген терісінің экспортына тыйым салатын 1990 және 1991 жылдардағы екі қаулының күшін жойды. Тайландтың ішкі нарығындағы жылан саудасы бүгінде жылына 275 млн батқа (тайлықтардың ұлттық валютасы – ред.) жеткен. Экспорттан түсетін табыс та осы шамада болатыны айтылған хабарламада. Осыған байланысты кәсіпорындар жыландар үшін жылына кемінде 180 миллион батқа жемтік өндіреді, жыландар аулауға арналған қорекке жылына 51 миллион бат жұмсайды; террариумдар сияқты жыландарды өсіруге арналған құрал-жабдықтар үшін 17 миллион батқа шығындалады; жыландарға ветеринарлық көмек көрсету (жыл сайын 6 миллион бат). Жыландарды экспорттағысы келетіндер 2019 жылғы жабайы табиғатты сақтау және қорғау туралы заңға және жойылып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерінің халықаралық саудасына қатысты конвенцияға (Cites) сәйкес рұқсат алуы тиіс. Бұл ережелер жабайы жануарлар саудасының экожүйеге зиян келтірмейтініне кепілдік береді, деп мәлімдеді билік. Осы орайда жыландар дәрілік заттарға қажетті уы мен сән индустриясына қажетті терісі үшін саудаланатынын айта кетпекпіз. Тайланд климаты жыландардың өсіп-өнуіне ең қолайлы. Бұл аймақта елуден аса улы жылан тіршілік етеді. Олардың уы негізінен фармацевтика өндірісінде қолданылады. Ал жалпы 160-тан аса түрі осы аймақта кездеседі.




