СОЛТҮСТІК КОРЕЯМЕН СОҒЫС БОЛСА, АЛҒАШҚЫ КҮНІ 300 МЫҢ АДАМ ҚАЗА ТАБАДЫ
|
Азия аймағына сапарлауды бастаған АҚШ президенті Дональд Трамп Токиода ешкім күтпеген мәлімдеме жасады. Бірақ оның айтары бар да, орындалуы екіталай ғой. Трамп Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен әңгімеде Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын тоқтату үшін оған барынша қысым жасау қажеттігін айтты.
– Қазір ресми Пхеньянмен диалог жүргізетін уақыт емес. Тек оған қысым жасау керек. Сонда ғана олар есін жияды. Стратегиялық төзімділік дәуірі өтті. Сондықтан АҚШ – та, Жапония да бірлесі қимыл істеуі қажет. Басты мақсат – әлем үшін өте қауіпті агрессор Солтүстік Корея режимін құлату. Бұл бағытта жалғыз қимылдай алмаймыз. Бізге Ресейдің де көмегі керек. Азия сапарында Путинмен кездесіп, осы мәселені талқыға салуға тырысамын, –деді Жапонияға аяқ басар сәтте ұшақ бортында журналистермен болған сұхбатында Дональд Трамп.
Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ де Солтүстік Кореяға қатысты АҚШ-пен позициясы 100 пайыз үндесетінін айтты.
– Біз жақын күндерде қосымша санкциялар қабылдаймыз. Жапония банктеріндегі Солтүстік Кореяның 35 азаматтары мен заңды тұлғаларының есепшоттарын жабатын боламыз, –деді Синдзо Абэ.
Шын мәнінде қазіргі уақытта Солтүстік Кореяның ұстанған позициясы АҚШ үшін ғана емес, Жапония үшін де өте қауіпті болып отыр. Жақында АҚШ Конгресінің мамандары «егер соғыс бола қалған жағдайда алғашқы күннің шығыны қандай болуы мүмкін?» деген сипатта баяндама жасаған. Мамандардың есептеуіне қарағанда, соғыстың бірінші күні 300 мың адам қаза табуы ықтимал көрінеді.
Осы орайда айта кетер бір жайт бар: Жақында Ресей президенті бір саяси шындықтың шетін шығарған. «АҚШ ешқашан Солтүстік Кореяға соғыс аша алмайды. Өйткені Пхеньянда ядролық қару бар, әскери оқтұмсық ракеталар жетерлік. Ядролық қаруы бар елге Вашингтон ешқашан соғыс ашпайды. Бұл Ауғанстан немесе Ирак емес. АҚШ Иракта бактериологиялық және ядролық қарудың жоқтығын алдын ала зерттеп, білді. Сосын соғыс ашты. Саддам Хұсейінді сөйтіп тақтан тайдырды. Ал Солтүстік Кореяға бата алмайды. Өйткені аяқ астынан атыс бастала қалса, орасан зор шығын келеді. Бір-бірін аямайды» дегені белгілі.
Бұл сөзде шындық бар. Америкалық мамандардың зерттеуіне қарағанда, Солтүстік Кореяның Қарулы күштері қазіргі кезде соғыс жағдайына дайын тұр. Тіпті, кәріс артеллериясының минутына 10 мың снаряд жібере алатын мүмкіндігі бар.
Америкалық әскери мамандар дайындаған баяндамада бір мәселе бар: Пентагон Солтүстік Кореядағы ядролық қарудың ошағын бірден талқандай ала ма? Ол үшін не істеу керек?
АҚШ-тың Бас штабы бірлескен комитеттерінң басшысы, контр-адмирал Майкл Дюмонт «Солтүстік Кореяның ядролық қаруын жойып жіберу үшін ең алдымен ол елге құрлық әскерлерін жіберу керек. Бірақ қауіп одан сайын күшейе түседі. Солтүстік Корея жаяу әскерлерге қарсы биологиялық және химиялық қару қолдануы мүмкін. Бұл жоба жүзеге асса, жағдай тіпті қиындай түседі» деп отыр. Соған қарағанда, Ресей президенті Путиннің айтқан пікірінде ащы ақиқат бар секілді.
АҚШ Солтүстік Кореямен саяси диалогқа барғанмен, одан еш нәтиже шықпайды. Мұны Трамптың өзі де мәлім еткен. «Маған дейін Клинтон, екі Буш пен Обама да келіссөз жүргізді де, 25 жыл уақыттары бос кетті. Сондықтан олармен диалогқа келудің еш пайдасы жоқ» деген.
Ендігі жағдай қалай жалғасады? Трамп тығырыққа тірелген саяси егестен жол тауып шыға ала ма? Өзі соғыс ашайын десе, оның салдары өте күрделі болмақ. Қысым жасау арқылы Солтүстік Корея режимін құртам деу, бос әңгіме. Қаншама қоқан -лоқы жасағанмен, нақты айтқанда, АҚШ-тың өзі қазір не істерін білмей отыр.