Швейцария компаниясы Малайзия полициясымен соттасып жатыр
|
Әлемге сағаттар брендімен әйгілі Швейцарияның Swatch компаниясы Малайзияның жоғарғы сотына полицияның бөлшек сауда нүктелерінен «ЛГБТ үгіт-насихат элементтері» бар сағаттарды тәркілеуіне байланысты шағым түсірді. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Malay Mail дерек көзіне жөн сілтеген IslamNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Мамыр айында малайлық полиция қызметкерлері ел аумағындағы бірнеше сауда-саттық орындарында рейд жүргізіп, Swatch компаниясы құрастырған сағаттарды тәркілеген болатын. Тәркіленген сағаттардың жалпы құны - 14 232 доллар. Тәркіленген сағат түрлі түспен безендірілген және маусым айында көптеген елдерде өткен ЛГБТ науқанына орай шығарылғаны турасында хабар тарағана еді. Малайзияда бір жыныстылар қатынасына заңмен тыйым салынған, мұндай азғындыққа барғандарға дүре соғылады әрі оларды белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айырады. Дегенмен, швейцариялық фирма заңгерлерінің айтуынша, сағат декорының ЛГБТ науқанына еш қатысы жоқ. Алайда, аталмыш компанияның ресми сайтында бұл сағаттардың ЛГБТ науқанына қатысты шығарылғаны әрі ЛГБТ туымен безендірілгені айтылған.