Шартарап: 11 жастағы бала тергелді
Шартарап: 11 жастағы бала тергелді
10 жыл бұрын 3493

Естеріңізде болса, осыдан бірнеше күн бұрын израилдік арнайы жасақтардың түн жамылып, палестиналықтардың үйіне баса-көктеп кіріп, жеткіншектерді сұрақтың астына алғаны турасында хабар таратқан едік. Міне, осының жалғасындай болып, Израилдің арнайы қызметі өздері жаулап алған палестиналықтардың атамекені болып табылатын Иордан өзенінің батыс жағалауында Иззеддин есімді 11 жастағы баланы тергеуге алған. Әкесі Мұһаммед Ысмайыл Зауланың айтуынша, түн жамылып келген Израилдің қауіпсіздік күштерінің сарбаздары үйлерін тінтіп болған соң баласына тергеуге шақырту қағазын ұстатып кеткен. Бұл отбасы Бейт Лаһем ауданына қарасты Хосан елді-мекенінде тұрады. Қазіргі уақытта Израил түрмелерінде әлі балиғат жасына толмаған 300-ге жуық палестиналық бала қамауда жатыр. 

 

Тағы 600 қытай азаматы тура жолға түсті

Естеріңізде болса, осыдан бірнеше күн бұрын жуырда қайтыс болған корол Абдолланың сүйегі жерленгеннен кейін осы елде нәпақасын айырып жүрген 500-ге тарта қытай азаматының ислам дінін қабылдағаны турасында хабар таратқан едік. Осынау игі әрі сауапты істің жалғасындай болып, бұл жолы осы елде жұмыс істеп жүрген 600 қытай азаматының тура жолға түскенін қуана хабарлаймыз. Бұл жайында OnIslam.net ақпарат көзі хабар таратты. Олар ислам дініне келмес бұрын асыл дініміз жайлы мағлұмат алған болатын. Яғни, оларға түрлі дәрістер өткізіліп, ислам дінімен танысуына барынша жағдай жасалған еді. Қайтыс болған королдің сүйегі жер қойнына тапсырылғаннан кейін ислам дінін қабылдағандар оларға рухани қолдау көрсетіп, осынау шараға атсалысты. 600 қытай азаматынан бұрын тура жолға түскендердің мұндай қадам жасауына королдің жерлеу рәсімінің жұпыны өткені себеп болған еді.   

 

Мұсылман рөлін сомдап, көп жайтқа көз жеткізген

Әлемге әйгілі Голливудтің 44 жастағы Реджина Кинг есімді актері «Америкалық қылмыс» («American Crime») деп аталатын телетоптамаға түсіп, көп жайтқа көз жеткізген. Аталмыш фильмде тура жолға енді түскен Әлия Шадидтің рөлін сомдаған ол сценари бойынша тар да тайғақ  жолға түскен, яғни, қылмысқа шатылған ағасын құтқару үшін басынан не кешпеді дейсіз? Киноиндустрияда өзііндік орны бар, талай рет жүлде алған актердің өзі ағынан жарылып, былай дегені бар: «Бұл кейіпкер көп қырлы, сан сырлы болып келеді, мұндайды бұрын көрмеппіз». Мұсылманның рөлін сомдап, мұсылманның қандай болатынын түсінгендей күй кешкенін де жасырмады.

 

Мешіттің жетіспеушілігі радикализмге жол ашуы мүмкін

Француз билігі осы елдегі мұсылмаандар кеңесінің мешітті көбейту жөніндегі талабына қодау білдіріп отыр. Бұл жайында «әл-Жазира» телеаарнасы хабар таратты. Билік басындағы социалистер партиясының өкілі әрі мемлекеттік институттарды реформалау жөніндегі министр Тьерри Мандо мешіттердің жетіспеушілігінен мұсылмандар арасында радикализм қатері артатынын жоққа шығармайды. Ол  бұл мәлімдемесін «И-теле» эфирінен жасады. Сондай-ақ, мұсылмандар кеңесінің аталмыш бастамасына осы елдегі епископтар кеңесі де қолдау білдіріп отыр. Алайда, «Ұлттық майдан» деп аталатын, мұсылмандарға қарсы арандатушы мәлімдемелерімен аты шыққан ультра оңшыл саяси партия өкілдері бұл бастамаға өретүрегеліп, қарсы шықты. Аталмыш партияның вице-президенті Флориан Филипо мешіттің болуы керісінше радикализмнің өркен жаюына апарып соқтырады деп соқты. Франция мұсылмандар кеңесінің жетекшісі әрі Париж қаласындағы мешіттің имамы Дәлел Әбу Бәкір бар мешіттердің өзі елдегі 7 млн мұсылман жамағатына тарлық етіп отырғанын жеткізе келе: «Елімізде 2200 мешіт қана бар, алдағы екі жылдың ішінде олардың санын екі есе көбейтуіміз керек»,- деді.

 

Ерлі-зайыптылар Facebook арқылы ажыраспақшы

Baq.kz ақпарат көзінің хабарлауынша, Нью-Йорк тұрғыны Элланора Байдуге қашып ұстатпай қойған күйеуімен Facebook арқылы ажырасуға рұқсат берілді. Мұндай шешімді Манхэттен Жоғарғы сотының судьясы шығарған. 

Ол ұшты-күйлі жоғалып, нақты тұрғылықты мекенжайы белгісіз болып келген бұрынғы отағасына некені бұзу құжаттарын әлеуметтік желідегі парақшасына жіберуді заңды деп тапқан. Тағы бір қызығы, аталған жұп 2009 жылы азаматтық некеге тіркелгенімен, содан бері бірде-бір рет бірге тұрмапты. Олар біраз уақыт телефон мен Facebook арқылы тілдесіп жүріп, ақыры жігіт біржола хабарсыз кеткен. Оны іздеп табуға тіпті жекеменшік детектив те көмектесе алмапты.

0 пікір
Мұрағат