Саудия қандай мамандық иелеріне азаматтығын береді
Саудия қандай мамандық иелеріне азаматтығын береді
5 жыл бұрын 2574 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Саудия билігі осы аптаның бейсенбісінде дарынды шетелдіктерге, әсіресе, медицина мен технология саласындағы мамандарға азаматтығын беруге дайын екенін жария етті. Саудияның бұл қадамы тарихи шешім ретінде бағаланады. Өйткені, аталған араб елі осы уақытқа дейін шетелдіктерге (сирек жағдайда орынды себептермен ғана болмаса), пана сұрап келген босқындарға да азаматтық беріп көрген емес. Мұнайдан түскен табысқа өзгелерді ортақтасқысы келмегендіктен бермейтін. Десе де Саудияның қолданыстағы заңнамасы бойынша ел аумағында бес жыл тұрған шетелдіктердің азаматтық алуына рұқсат етілген. Алайда, соңғы уақытта мұнай шикізатына тәуелділіктен арылу мақсатында тақ мұрагерінің пәрменімен жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаның сәтті жүзеге асуы үшін біз жоғарыда сөз еткен мамандық иелеріне азаматтық алуда артықшылық беріледі. Осылайша уақыт тынысымен және заман талабымен санасуға тура келген Саудия билігі ең алдымен білікті әрі дарынды шетелдіктерді тартудың қамына кірісіп жатыр. Твиттер әлеуметтік желісіндегі саудиялық үкіметтің Saudi Project платформасында айтылғандай, тек медицина мен технология саласындағы мамандар ғана емес, сонымен қатар, ауыл шаруашылық, жасанды интеллекті, ядролық және жаңғыртпалы энергетика мамандарының да аталған араб елінің азаматтығын алу мүмкіндігі жоғары. Сондай-ақ, спортшылар да, шығармашылықтың адамдары да, қандай да бір өнер иелері де азаматтық алушылар тізіміне енгізілген. Сарапшылардың бұл бағыттағы ойы қандай? Олардың айтуынша, Саудия осы бастамасымен-ақ елді биік белеске көтере алады.

0 пікір
Мұрағат