Саудия күйреудің алдында тұр
|
ЮНКТАД-тың әлемдік инвестицияға қатысты 2018 жылдың маусым айында жарияланған баяндамасында келтірілген дерекке сенсек, Саудия экономикасына тікелей инвестиция құятын шетелдіктердің қарасы күрт азайып кеткен. Өткен жылдың өзінде аталған елдегі шетелдік тікелей инвестиция оның алдындағы 2016 жылмен салыстырғанда бар-жоғы 1,4 млрд-дан аспаған еді. Саудия мұндай жағдайға қалай тап болды? Бұл сауалға жауап бермес бұрын алдымен оның түп-төркініне үңіліп көрелік: 1973 жылы корол Фейсал Араб-Израил соғысы барысында Израилге қолдау көрсеткен елдерге эмбарго енгізген болатын. Сонымен қатар, батыс елдері ықпалының күшті болғаны соншалық, мұнай бағасы екі есе шарықтап кетті әрі сонымен бір мезгілде мұнай нарығында ұсыныс кеміп кеткен еді. Бұл өз кезегінде Саудияның нақты ықпал ету шегін көрсетіп берді. Десе де 1974 жылы эмбарго күшін жойған соң Саудияның ықпал ету шегі өзгере бастады. Бүгінгі таңда Саудия билігі тек атауы ғана бар ел секілді, яғни, аты бар да заты жоқ елге айналған: әлем Саудияға деген қызығушылығын жоғалтты, аталған ел өз дәулетін тауысудың алдында тұр. Осыны ескерген Саудия билігі елді шикізат тәуелділігінен құтқару үшін түрлі әлеуметтік-экономикалық реформаларды қолға алып жатыр. Ағаштың өзі бірден жеміс бере қоймайды, реформа да сондай. Оның жемісін жеу үшін біраз уақыт керек әрі бұл реформалар қаншалықты жемісті боларын ешкім болжап біле алмайды. Бұл - бір. Екіншіден, бұрын да айтып өткеніміздей, Саудияның экономиканы әртараптандыру (диверсификация) бағытында жүргізіп жатқан реформасының өзі көбіне елді индустрияландыру бағытында емес, туристік сервис, ойын-сауық орталығын құру, т.б. қысқасы, баянды өсуге апармайтын жолды таңдап алған. Бұдан бөлек, елдің экономикалық жағдайын сын көтермесе де Йемендегі соғысқа араласып, ресурсын шығындап жатыр. ЮНКТАД статистикасына қарағанда, Саудияның ішкі инвестициясы да оңып тұрған жоқ: 2012 жылы 12,2 млр-тан аспаса, бұл көрсеткіш Йемендегі соғысқа араласқан 2015 жылы төмендеп кетті. Associated Press ақпарат агенттігі таратқан хабарға қарағанда, Йемендегі шиғалық хусит бүлікшілеріне қарсы майдан ашқан Саудия бастаған коалиция "әл-Каида" лаңкестік тобына қаржылай қолдау көрсетіп отыр. Хуситтерге қарсы күрес жүргізуі үшін. АҚШ билігі аталған содырлар тобымен еш байланысы жоғын теріске шығарғанымен Таяу Шығыстағы жақын одақтасы Саудияның бұл әрекетіне көзжұма қарап отырғаны жасырын емес. Ал The Independent жариялаған баяндамада да Ақ үй Саудия билігіне мұнай өндірісін арттыруы үшін қысым көрсеткені айтылған. Иранға қарсы экономикалық қысым көрсетуі үшін. Бұл да Саудияның ел аумағындағы ресурсының тез таусылуына алып келмек. Дипломатиялық соғысқа да инвестиция құйып отырған Саудияның тәуелсіз әл-ауқат қорындағы қаражат мөлшері 250 млн долларға дейін кеміген. Егер Саудия қолға алған жобалардың құнына қарасаң, 766 млрд долларды қажет етеді. Бұл қаражатты Саудия қайдан алады? Саудия болашағы бұлыңғыр елдердің біріне айналды. Бұл өз кезегінде Таяу Шығыстағы саяси ахуалды түбегейлі өзгертуі мүмкін.