Сауда соғысының шынайы себебі белгілі болды - 1
Сауда соғысының шынайы себебі белгілі болды - 1
6 жыл бұрын 3003 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Айналып келгенде әлемдегі екі алып держава арасындағы сауда соғысы мен текетірестің түп-төркіні тарифте немесе сыртқы сауда-саттықтағы теңсіздікте, кедендік рәсімдерде жатқан жоқ. Тіпті, қару-жарақта да емес. Керек десеңіз, екі елдің арасындағы сауда соғысының сауда-саттыққа еш қатысы жоқ. Мұның себебін мүлдем басқа тараптан іздеген жөн: естіріңізде болса, кезінде хабарлағанымыздай, екі елдің арасындағы сауда соғысына қатысты жариялаған талдау материалдарымыздың бірінде осыған ұқсас тұжырым жасағанбыз. Екі елдің арасындағы сауда соғысының себебін Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Ухан қаласындағы микросхем өндіретін зауытқа бас сұққан кезінде толқи сөйлеген сөзінен аңғаруға болады. Ол сөз арасында кәдімгі біз күнделікті қолданатын чипті адам жүрегімен салыстырған болатын: «Адамның қаншалықты күш-қуаты тасығаны маңызды емес, оның күш-қуаты жүрегінің қаншалықты мықты әрі сау болмағына байланысты». Байқаған шығарсыздар, бар мәселе осы заманғы озық технологияда жатқанын. Сауда соғысының шынайы себебі екі ел арасындағы өркениет игіліктеріне қатысты өрбіп жатыр. Бұл майданда Қытай қайткен күнде де жаңа буынға тән технология саласында көш бастамақ амбициясын алға тартып отыр. Мәселен, жасанды интеллекті өндірісінде әлемнің ең алдыңғы қатарлы елі атану үшін қаржысын да, басқа ресурсын да аямайды. Жасанды интеллекті саласаның қарыштап дамуы үшін Қытай билігі кем дегенде 150 млрд доллар бөлмек. Бұл бас айналдырар қомақты қаражат. Қанша алып держава болса да бір елдің еншісіне шаққанда. Қытайдың бұл талпынысы АҚШ-тың мазасын қашыруда. Жаңа технология – жаңа мүмкіндік. Кім осы заманғы озық технологияға ие болса, соның тайы озады. Бәсекеге ең қабілетті ұлт атанады. Оған сөз бар ма?! Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, жартылай өткізгіш индустриясы екі алып держава арасында жүріп жатқан сауда соғысындағы негізгі майданға айналып отыр. Бұл майданда Қытайдың осал тұсы жетерлік. АҚШ билігі өндірістің түрлі салаларының дамуына серпін беретін әрі қызмет ететін негізгі «нақты технологиялар» экспортының шарттары мен талаптарын күшейтуді жоспарлап отыр. АҚШ осылайша Қытайды чип өндірісіне қажетті құрал-жабдықтан «қолын қақпақ». Бұл Қытай үшін үлкен қиындық тудыратын мәселеге айналады. Сөз орайы келгенде айта кету керек, жартылай өткізгіш индустриясын әлем бойынша 6-ақ компания жүргізіп отыр. Олардың 3-еуі АҚШ аумағында. Бұл компаниялар чип өнлдірісен қажетті барлық құрал-жабдық пен программалық қамтамасыз етуді өндіреді. «Жартылай өткізгіш өндірісін құрал-жабдық өндіретін аса ірі компаниялардың өнімінсіз жасау мүмкін емес. Мұндай компаниялар арасында бірде-бір қытайлық компания жоқ. Соғысу үшін қарудың қажет болатыны секілді бұл майданда Қытайдың өз қаруы жоқ»,- деді Arete Research қаржылық-талдау компаниясының негізін қалаған Бретт Симпсон. Жоғары технология саласында шетелдік өнімдерге мұқтаж қытай жартылай өткізгіш өндірісіне қажетті құрал-жабдықтарды өткен жылы 300 млрд долларға сатып алған болатын. Осыдан-ақ Қытайдың шетелдік жоғарғы технологияға қаншалықты зәру әрі тәуелді екенін аңғаруға болады. Десе де чип өндірісінде АҚШ-тың өзін қуып жетәп өкшелеп қалған Қытайдың кейбір компаниялары, атап айтқанда, Tsinghua Unigroup, Cambricon Technologies және HiSilicon секілді жекеменшіктегісі бар, мемлекеттігі бар, қазіргі уақытта бұл салада жетістікке жеткені соншалық, жасанды интеллекті чибін жобалауды қолға алып жатыр. Алайда, айналып келгенде мәселенің мәнісі чипті дайындауда жатқан жоқ, оны өндіруге келіп тіреледі бар мәселе. «Қытай компаниялары чипті жобалауда ешкімге есе жібермейді, Олардың бар проблемасы чипті құрастыруда жатыр»,- деді VSLI Research президенті Ристо Пухакка. Сол себепті, Қытай кәсіпорындарын жетілдіруде жоғары технологияға мұқтаж әрі тәуелді. Онсыз экономиканы алға сүйреу мүмкін емес. Ең бастысы, жоғары технологиялы әрі жоғары технологияға қажетті құрал-жабдықтарды өндіретін компаниялар санаулы әрі түгелі дерлік АҚШ пен АҚШ-тың ықпалындағы батыс елдерінде. Бұл тізімде силиконды материалда басып шығаруға арналған фотолитографиялық қондырғы өндіретін голландиялық ASML компаниясы көш бастап тұр. Жоғарғы технологиялық компаниялардың ішінде аталмыш компания 7-нанометрлік процессор микроэлектроникасында аса қажетті терең ультракүлгінде фотолитографияға арналған құрал-жабдықтарды өндіретін жалғыз компания. Ал Lam Research және Applied Materials атты америкалық, сондай-ақ, Tokyo Electron жапондық  корпорациялары микрочиптің транзистерлері мен өзге де белсенді компоненттерді өндіретін құрал-жабдықтарды құрастырады. Америкалық KLA Tencor компаниясы чипті сынақтан өткізетін әрі мониторинг жүргізетін технологияны өндіреді. Міне, Қытайдың ең осыл тұсы – аталған компанияларға тәуелділігінде жатыр. Ел айтып жүргендей, қор нарығындағы дағдарыста емес. «2017 жылы Applied Materials, Lam Research және KLA Tencor секілді аталмыш компаниялар табысының 10-20 пайызы Қытайға сатқан құрал-жабдықтардан түскен болатын. 2018 жылы олардың үлесі артуы ықтимал. Қытай олар үшін ауқымды да өсіп келе жатқан нарық. Экспортқа тым қатаң бақылау орнату аталған компаниялардың мүддесіне қайшы»,- деді Бейжіңдегі Gavekal Dragonomics зерттеу тобының сарапшысы Дэн Вонг ұлттық мүдде мен мемлекет қамынан гөрі нарық пен тұтынушылар есебінен пайда табуды көздейтін капиталистердің ел билігінің тарифтік саясатына көнбеуі мүмкін екенін көлденең тартты. Егер сауда соғысының кесірінен АҚШ-тан қытайға жоғары технологиялық құрал-жабдықтар жеткізілмей қалса, оның салдары қандай болмақ?

(жалғасы бар)

0 пікір
Мұрағат