Ресейде жетім қалған қонжықтарға қолдан апан қазылды (видeо)
Ресейде жетім қалған қонжықтарға қолдан апан қазылды (видeо)
8 жыл бұрын 3257

Ресейдің шығыс шетіндегі Хабаровск өлкесі жетім қалған қонжықтарға қорған бола бастады. Сол үшін олар Гималай қонжықтарына қонақүй салуды қолға алып отыр. Өйткені бұл жерде аюдың балалары қыс бойы ұйықтап, табиғат жағдайына бейімделетін көрінеді. Хабаров өлкесінде жетім қалған қонжықтар үшін арнайы апан қазылды. Мұндай жасанды үйді жабайы аңдарды қорғап, қалпына келтіру орталығының қызметкерлері өз қолдарымен істеген. Жасанды апан жас аңдарды қатал өмірге бейімдеу үшін арнайы қоршалған аумаққа орнатылып отыр. Эдуард Круглов, «Утес» Жабайы аңдарды оңалту орталығының директоры: - Қолдан жасалған апанды аңдар өздері тауып алады. Бұл істе оларға сезгіштік қабілеттері көмектеседі. Сосын осында мекендеп, қыстап шығады. Мұнда әкелінген алғашқы жыртқыштар – жетім қалған Гималай қонжықтары. Олардың кейбіреулерін орталық қызметкерлері аңшылардың қақпанынан босатып алса, кейбіреуін ауыл тұрғындарынан корғап қалған. Айтуларынша, кішкентай қонжықтар адасып, ауылға дейін кіріп кететін көрінеді. Яна Панова, «Утес» Жабайы аңдарды оңалту орталығының қызметкері: - Аюлардың тұқымы да жолбарыстар сияқты азайып кетпесі үшін осындай ерекше, қиын да қызықты іспен айналысамыз. Олардың ата-анасынан айырылғандарын аяқтандырып, өз-өзіне келгендерін қайтадан жабайы табиғатына жібереміз. Қонжықтар жаңа орынға тез сіңісіп, жайлы апанға жатып та үйренген. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, қазір олар қалың ұйқыға дайындалып жүр. Қонжықтар бүкіл қысын апан ішінде өткізіп, күн жылынғанда ғана өздері туып өскен өлкеге қайта босатылады екен. Авторлары: Талғатбек Әбдіқожаев, Әсем Хасенқызы



 

0 пікір
Мұрағат