Қытайдың АҚШ-қа қарсы 1,2 трлн долларға бағаланған қаруы
Қытайдың АҚШ-қа қарсы 1,2 трлн долларға бағаланған қаруы
6 жыл бұрын 4264 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Санкция астында қалған Ресей Федерациясынан кейін Түркия да АҚШ-тың мемлекеттік облигациясынан бас тартып жатыр. Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, Түркия билігі америкалық құнды қағаздарды төрт миллиард долларға сатып жіберді. Қазіргі уақытта бұл бағыт бойынша әлемнің назары Қытайға ауып отыр. Екі алып державаның арасындағы сауда соғысы өршіп барады. Бұрын да хабарлағанымыздай, Қытайдың сауда соғысында АҚШ-қа қарсы бірнеше тетігі барын, соның ішінде ұлттық валютасын пайдалануы мүмкін екенін де айтып өткенбіз. Бұдан бөлек, Қытайдың АҚШ-тың сауда соғысында қолдануы мүмкін аса қуатты қаруы - 1,2 трлн долларға бағаланған америкалық мемлекеттік облигасын сатар болса, бұл шара арқылы АҚШ экономикасына күйрете соққы бере алады. Әліптің артын баққан Қытай билігі әзірге асығар емес. Естеріңізге сала кетсек, Ресей билігі сәуір-мамыр айларында өз портфеліндегі америкалық құнды қағаздардың 85 пайызынан сатып құтылды. Ал Түркия мамыр айында 32,6 миллиард құрайтын америкалық құнды қағаздарға ие болса, бұл көрсеткіш маусым айында 28,8 млрд-қа жетті. Тек Ресей мен Түркия ғана емес, аталған екі елден үлгі алған Мексика, Үндістан және Тайван да трежеристен құтылды. Осыған байланысты АҚШ-тың сәуір айында шетелдік несие алушылардың портфеліндегі қазыналық облигациясы 6,17 трлн долларға төмендеді. Американың маңызы жағынан екінші несие алушысы Жапония 2011 жылдың қазан айынан (1,031 триллион доллар) бастап  АҚШ-тың мемлекеттік облиациясын 17 млрд долларға дейін кемітті. Америкалық мемлекеттік құнды қағаздардың көбі Қытайда. Бұл жағынан Қытайдың алдына түскен ел жоқ. Десе де Қытай тарапы да америкалық мемлекеттік облигациялардан құтылудың қамына кірісіп жатыр. Бірақ, мынаны айта кетпеске болмайды: Қытай бірден барлық америкалық мемлекеттік облигациялардан құтылуды ойлап отырған жоқ. Бұл Қытайдың өзіне қауіпті шара. Қытайдың қолында шетелдік мемлекеттік қарыздың 20 пайыздайы бар. Трежеристің мөлшеріне қатысты кез келген әрекет АҚШ-тың қаржы жүйесі мен доллар бағамына қатер төндірмек.  Соңғы бірнеше жыл бойы америкалық бонд Қытайға миллиардтаған табыс әкелген болатын. 2016 ылдың соңында және 2017 жылдың бас кезінде қытайлар АҚШ-тың мемлекеттік қарызындағы үлесін азайтты - юанды нығайту үшін. Содан бері сатқандарының бәрі қайта сатып алды. Егер қытайлар сауда соғысынан төзімі таусылса, америкалық борыш қағазының бір бөлігін сатуы мүмкін, бұл өз кезегінде америкалық құнды қағаздардың бағасын түсіріп, табыс артпақ. Бұл ахуал автоматты түрде АҚШ-тан алатын қарыздың құнын көтеріп жібереді, бұл өз кезегінде экономикалық өсуді бірден тежейтін болады. Қытайдың экспортына қатер төнбек. 

0 пікір
Мұрағат