Қытайдағы мешіттерге қатысты «4-кіру» саясаты сөз болды
|
Соңғы жылдары Қытай коммунистік партиясы елдегі мешіттердің сыртқы келбетін өзгертуге бағытталған ауқымды шараларды қолға алды. Таяуда 2018-2021 жылдарға арналған исламдық бірегейлікті жою бойынша белсенді саясатты растайтын мемлекеттік сатып алу хаттамалары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде China File дерек көзіне жөн сілтеген IslamNews қпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Сатып алу хаттамаларында Қытайдағы ғибадат орындарына төрт «құндылықты» енгізуге бағытталған «төрт кіру саясатының» жиі қайталанғаны белгілі болып отыр. Бұл арада ұлттық ту, заңдар мен ережелер, социалистік құндылықтар және дәстүрлі қытай мәдениеті турасында сөз болып отыр. Бірнеше сатып алу процедурасында Қытайдың Хансу, Сынхай, Сышуан және Нинся Хуей провинцияларының үкіметтері тарапынан тоқыма жалаулары, мешіттерге арналған 12 метрлік флагштоктар, сондай-ақ, ақпараттық стендтер, Ши Жипин туралы кітаптарды және саяси ағарту тақырыбына арналған басқа да әдебиеттер сатып алынған.